Саясат

Тоқаев: біздің міндетіміз – халықтарымыздың арасына сына қағылуына жол бермеу

Тату көршілік рухындағы ынтымақтастық, өзара құрмет пен мүдделерді ескеру арқылы сын-қатерлерге төтеп бере аламыз, деді Тоқаев
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 18 желтоқсан — Sputnik. Халықтарымыз бейбіт жағдайда өмір сүріп, бір-бірімен достық қарым-қатынаста болғысы келеді. Біздің міндетіміз – халықтарымыздың арасына сына қағылуына жол бермей, өзара тиімді ынтымақтастықты арттырудың жолын іздеу, қазіргідей стратегиялық құбылмалы жағдайда ТМД елдерін жақындастыру. ТМД мемлекеттері басшылары кеңесінің отырысында сөз сөйлеген мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деді.

Тоқаев мемлекет басшыларының назарын қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге аударды. Оның пікірінше, мемлекетаралық қатынастардың шиеленісу және өзара сенімсіздік жағдайында орнықты даму мен ілгерілеу мүмкін емес.

"Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев пен Армения премьер-министрі Никол Пашинянның бірлесе күш салуымен, Владимир Путиннің белсенді араағайындығымен Таулы Қарабақтағы әскери қимылдарды тоқтату туралы келісім жайында тағы бір рет атап өткім келеді. Бұл қалыптасқан күрделі жағдайдағы ең дұрыс шешім болды. Аталған тарихи келісім өңірде ұзақ мерзімді бейбітшілік орнатуға ықпал етеді деп үміттенемін. Шын мәнінде, Достастық ұйымы құрылғалы бері саяси атмосфераны улап келген посткеңестік кеңістіктегі қақтығыс ошағының оты сөндірілді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы осындай қиын-қыстау кезеңде елдеріміз арасындағы тығыз ықпалдастықтың маңызы арта түседі деп санайды.

"Иә, біз бір-бірімізден экономикалық әлеуетіміз тұрғысынан ерекшеленеміз. Біздің тарихи көзқарасымыз, Таулы Қарабақтағы қақтығыс көрсеткендей, тіпті, геосаяси көзқарасымыз да әртүрлі болуы ықтимал. Дегенмен, ең бастысы, біздің халықтарымыз бейбіт жағдайда өмір сүріп, бір-бірімен достық қарым-қатынаста болғысы келеді. Біздің міндетіміз – халықтарымыздың арасына сына қағылуына жол бермей, өзара тиімді ынтымақтастықты арттырудың жолын іздеу, қазіргідей стратегиялық құбылмалы жағдайда ТМД елдерін жақындастыру. Біз пандемиядан кейінгі кезеңде оның барлық сын-қатерлері мен ауыртпалықтарын еңсеруде көпжақты ықпалдастық мәселесін ойластыруымыз керек", – деді президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев ТМД-ны халықаралық қоғамдастықта зор беделге ие деп санайды.

"Біздің ұйымның негізін қалаушылар күш жұмылдыра отырып, посткеңестік кеңістікті тарихымыздағы қарама-қайшылық кезеңіндегі ауыр қантөгістен аман сақтап қала алды. Достастықтың әлеуетін жаңа геосаяси жағдайда одан әрі күшейту және оның халықаралық аренадағы орнын нығайту – баршамыздың ортақ міндетіміз. Тату көршілік рухындағы ынтымақтастық, өзара құрмет көрсетіп, мүдделерді ескеру арқылы қазіргі сынақтар мен алдағы сын-қатерлерге лайықты төтеп бере алатынымызға сенемін", – деді Қазақстан президенті.

Мемлекет басшысы Қазақстан Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің 2020-2022 жылдардағы төрағасы кезінде аймақтың тұрақтылығын қамтамасыз етуге маңызды үлес қосуға ниетті екенін атап өтті. Ол үшін еліміз АӨІСШК-ні Азиядағы қауіпсіздік және даму ұйымы ретінде қайта құруды жоспарлап отырғанын және бұл бағытта бар күш-жігерін жұмсайтынын айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев сөзінің соңында Достастық оған мүше мемлекеттердің барлығына пайда әкеліп, негізгі мәселелер бойынша ұстанымдарды үйлестірудің маңызды тетігі ретінде қала беретінін атап өтті.

Айта кетсек, жиын қорытындысы бойынша бірқатар құжатқа, оның ішінде, ТМД-ны одан әрі дамытудың тұжырымдамасына және осы тұжырымдаманы іске асырудың негізгі іс-шаралар жоспарына, Біріккен Ұлттар Ұйымының құрылғанына 75 жыл толуына орай Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына мүше мемлекеттер басшыларының бірлескен мәлімдемесіне, халықаралық ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы ынтымақтастық туралы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына мүше мемлекеттер басшыларының бірлескен мәлімдемесіне қол қойылды.