Әлем

Испанияда "орыс мафиясына" кірген Қазақстан азаматы ұсталды 

Полиция тінту кезінде қолма-қол ақшамен 300 мың еуро, 16 автокөлік пен гауһар тастарды тәркілеп алды. Бұдан бөлек, миллиондаған еуроның есепшоттары бұғатталды
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 17 желтоқсан – Sputnik. Испания полициясы "орыс мафиясының" ақшасын жылыстатуға қатысы бар деген күдікпен 23 адамды ұстады. Олардың біреуі – Қазақстан азаматы, сегіз ресейлік, екі украин, Алжир азаматы, қалғаны – испандықтар, деп хабарлады РИА Новости осы елдің ұлттық полициясына сілтеме жасап.

Құқық қорғау органдары бұл соңғы он жылда "Шығыс Еуропа мафиясына" қарсы ең ірі операция екенін мәлімдеді. Себебі ұсталған адамдардың иерархиялық дәрежесі де жоғары болып тұр.

Тергеу материалдарына сәйкес, қылмыстық топ жемқорлықпен және мемлекеттік институттарға өз адамдарын кіргізумен айналысқан.

"Олар заңгерлер, шенеуніктер, саясаткерлер, бизнесмендер мен хакерлер арқылы мемлекеттік органдарға кіріп алып, испан экономикасының негізгі салаларын бақылауды жоспарлады", - дейді полицейлер.

Тағы оқыңыз: Халықты 1 млрд теңгеге алдап кеткен әйел Қазақстанға жеткізілді – видео 

Осы іске қатысты тергеу шаралары жеті жыл бұрын басталған. 2013 жылы полиция орыс мафиясының өз белсенділігін күшейткенін байқады. Ұйым өкілдері бұрынғы Кеңес Одағы елдерінен шыққан қылмыстық топтардың ақшасын жылыстату үшін пайдаланып, ол ақшаны Испанияда ғана емес, әлем бойынша сан алуан бизнеске салған. Соның ішінде дискотекалар, мейрамханалар мен испан жағалауындағы жылжымайтын мүлік бар.

Қылмыстық топ серкелері күдік тудыратын банк операцияларын жасап, Испанияға қолма-қол ақша кіргізіп отырған. Сол үшін жалған компаниялар мен осы жұмысты істеп беретін адамдарды жалдады.

Құқық қорғаушылар Аликанте, Мадрид, Таррагона мен Ибицада тінту шараларын өткізіп, қару-жарақ, қолма-қол ақшамен 300 мың еуро, 16 автокөлік пен гауһар тастарды тәркіледі. Бұдан бөлек, миллиондаған еуроның есепшоттары бұғатталды.

Sputnik Қазақстан сыртқы істер министрлігіне қазақстандықтың ұсталуына қатысты сауал жолдады. Министрлік өкілдері ақпаратты тексеріп жатқанын жеткізді.