НҰР-СҰЛТАН, 17 желтоқсан – Sputnik. Ақтөбеде тұрғын үйлердің бірінен өрт шықты. Құтқарушылар 90 адамды қауіпсіз жерге көшірді, оның отызы – балалар.
Төтенше жағдай сәрсенбі, 16 желтоқсанда болған. Астана ауданы, Батыс-2, 15 б үйдің үшінші қабатындағы пәтер өртенген. Өрт туралы хабар 101 пультіне шамамен сағат 16:18-де түсті.
Оқиға орнына өрт сөндіру қызметі жіберілді, деп хабарлады Ақтөбе облысы ТЖ департаментінің баспасөз қызметі.
"Қалалық өрт бөлімінің жеке құрамы дереу мекенжайға аттанды. Өрт сөндірушілер жеткен кезде, аумағы 50 шаршы метрлік пәтер жанып жатқан", - деп мәлімдеді департаменттен.
Өрттің неден тұтанғаны хабарланған жоқ. Тілсіз жау 16:53-те сөндірілді. Алдын ала мәліметке сүйенсек, өрт сөндірушілер 57 адамды, соның ішінде 25 баланы құтқарды. 90 адам эвакуацияланды, оның 30-ы – балалар.
"Зардап шеккен бір адам жедел жәрдем ауруханасына жатқызылды, екіншісі облыстық ауруханада қаралып жатыр", - делінген хабарламада.
Құтқарушылар тұрмыстық жағдайларда өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау қажеттігін ескертті. Өрт шықса, дереу 101 және 112 нөмірлеріне хабарласу қажет.