АЛМАТЫ, 16 желтоқсан – Sputnik. Тәуелсіздік күнінде Алматы қаласы әкімдігінің жанындағы Республика алаңына бірнеше адам жиналды. Қала тұрғындары митингіге ұран жазылған плакат ұстап шықты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Митинг 1986 жылы Алматыда және 2011 жылы Жаңаөзенде болған оқиғаларды еске алуға арналған. Айта кетейік, жиналуға жергілікті билік рұқсат бермеген.
Тәуелсіздік монументінің алдындағы алаңға көптеген адам жиналды. Олардың арасында Жанболат Мамай мен Мұхтар Тайжан секілді белсенді азаматтар бар. Басында жиналғандар құран оқыды, Тәуелсіздік монументіне гүлшоғын қойды. Содан кейін белсенділер бірнеше топқа бөлініп, шеру ұйымдастырды.
Шеруді тоқтату үшін құқыққорғау органдарының қызметкерлері мен Алматы полиция департаментінің арнайы жедел әрекет ету жасағы келді. Адамдар топтарға бөлініп, түрлі мәлімдеме жасады.
Адамдарды ұстап алып кету болған жоқ, жиналғандар ішінде бірнеше топты қоршауға алды. Олар ұрандатып, бейбіт жиналысқа құқылы екенін мәлімдеді.
Жиналу дәл осындай жағдайда бірнеше сағатқа жалғасты. Жиналғандарға Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров шықты. Ол жиналыстың санкцияланбағанын хабарлады және жиналғандардан плакатты түсіріп, шеруді тоқтатуды сұрады.
"Біз күш қолданғымыз келмейді, ұстап алып кетуді қаламаймыз. Алайда дәл қазір болып жатқан жағдай заңсыз болып саналады. Жиналғандарға плакаттарды түсіріп, жиынды тоқтатуды ұсынамыз. Қалаған адамды керек жеріне жеткізіп тастауға дайынбыз, бірақ плакат болмауы керек. Алайда көріп тұрғаңыздай бізді ешкім тыңдап жатқан жоқ", - деді Ержан Бабақұмаров Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұқбатында.
Сонымен қатар белсенділер Абай даңғылына да өтті. Алайда азаматтарды ұстап алып кету болған жоқ.
"Бұл азаматтар әкімдікке митинг өткізу туралы өтініш беруі керек еді. Бірақ олай істемеді. Біз оларға заңның бұзылып жатқаны туралы айттық. Қоғамдық тәртіпті сақтау мақсатында полицейлер жиынды тоқтатып жатыр. Біз оларды тыңдағымыз келетінін айттық. Алайда олар байланыс орнатқысы келмеді", - деді әкімдік өкілі Айдар Есенбаев.
Жиналғандарды қамауға алғымыз келмейді, алайда олар басқа жол қалдырмай отыр, деді қала басшылығы.