Саясат

"Іргесі мығым елміз": Тоқаев қазақстандықтарды Тәуелсіздік күнімен құттықтады

Мемлекет басшысы келесі жылы ел тарихының мерейлі 30 жылдығын тойлайтынымызды ерекше атап өтті
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 16 желтоқсан – Sputnik. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ел халқын Тәуелсіздік күнімен құттықтады.

"Барша отандастарымызды Тәуелсіздік күнімен құттықтаймын! Келесі жылы ел тарихының мерейлі 30 жылдығын атап өтеміз. Біз - бірлігі бекем, іргесі мығым елміз. Қасиетті Отанымыз, Тәуелсіз Қазақстанның игілігі үшін еңбек ету - қастерлі парызымыз", - деп жазды Тоқаев Twitter-парақшасында.

Үкімет басшысы Асқар Мамин де өзінің игі тілегін жеткізді. Айтуынша, Қазақстан қазіргідей жаһандық экономикалық дағдарыс және пандемиямен күрес кезінде экономикалық тұрақтылықтың жоғары деңгейін көрсетіп отыр.

"Экономиканың одан әрі өсуін қамтамасыз ету, халықтың өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын жақсарту мақсатында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құрылымдық әлеуметтік-экономикалық реформаларды іске асыру, еліміздің индустриялық, агроөнеркәсіптік және инвестициялық әлеуетін күшейту бойынша ауқымды міндеттер қойды", - деді ол.

Алматы әкімі Бақыт Сағынтаев қала тұрғындарын ұлық мерекемен құттықтады.

"Алматы — мемлекетіміздің қалыптасу шежіресі жазылған Тәуелсіздіктің алтын бесігі. Тәуелсіздік күні құтты болсын!", - деп жазды ол Instagram-парақшасында.

"Іргесі мығым елміз": Тоқаев қазақстандықтарды Тәуелсіздік күнімен құттықтады

Сондай-ақ Бақытжан Сағынтаев "Тәуелсіздік" монументіне гүл шоғын қойды.

Бұдан бөлек, қазақстандықтарды мейраммен белгілі боксшы Геннадий Головкин құттықтады. Ол Facebook-те құттықтау видеосын жариялады. Ол видео астына қазақ және ағылшын тілінде "Тәуелсіздік күні құтты болсын, Қазақстан!" деп жазған.

Қазақ халқы қасиетті де қастерлі күнді 29-шы рет қарсы алып отыр. 1991 жылдың 16 желтоқсанында Қазақстанның Жоғарғы Кеңесі "Тәуелсіздік пен мемлекеттің егемендігі туралы" заң қабылдады.

Коронавирус індетіне байланысты биыл ұлық мерекені кең көлемде атап өту мүмкін болмады. Адамдардың қауіпсіздігі үшін мерекелік шаралар шектеулі форматта және онлайн өтеді.