Қоғам

Елбасы Айсұлтан Назарбаев туралы: Ол маған қатты ұқсайтын

Биыл жазда Ұлыбританияның астанасында Дариға Назарбаеваның екінші ұлы Айсұлтан қайтыс болды
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 16 желтоқсан – Sputnik. Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев "Штрихи к портрету" деректі фильмінің үшінші бөлімінде Айсұлтан Назарбаевтың өліміне өкініш білдірді.

"Хабар" арнасында "Штрихи к портрету" деректі фильмінің екінші бөлімі шықты. Сұқбат барысында Елбасы тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы қиындықтар, ТМД құру идеясы және басқа да маңызды мәселелер төңірегінде ой бөлісті.

Деректі фильмнің кезекті сериясының соңында келесі бөлімнің анонсы жарияланды. Жаңа трейлерде айтылған сөздер:

"80 жаста өзіңді 50 жастағыдай сезінуге болады. Бұл бөлек тақырып, оның сырын айтып бере аламын. Енді жасыратындай ештеңе жоқ".

"Кейде ғашық болып қалыпты деген секілді әңгімелерді естимін".

"Өкінішке қарай, биыл біз маған қатты ұқсаған немеремізден айырылып қалдық".

Деректі фильмнің үшінші бөлімі эфирге қашан шығатыны кейін белгілі болады.

Еске салсақ, Айсұлтан Назарбаев биыл 16 тамызда Лондон қаласында қайтыс болған еді. Оның өліміне жүрегінің тоқтап қалуы себеп болған.

Айсұлтан Назарбаев – Дариға Назарбаева мен Рахат Әлиевтің екінші ұлы. Оны бұқаралық ақпарат құралдары көбінесе "Елбасының сүйікті жиені" деп атаған.