НҰР-СҰЛТАН, 15 желтоқсан – Sputnik. Елордалық дәрігерлер бір жасар қызға күрделі ота жасап, желке тұсынан гемангиоматозды алып тастады.
Кішкентай Далида ауруханаға желкесінен үлкен кавернозды гемангиомамен түсті. Туған кезде гемангиома қал сияқты болды, мүлдем көрінбейтін, дейді Далиданың анасы.
"Дәрігерлер дақтың өсуі мен түсінің динамикасын қадағалаңыздар деді. Гемангиома өздігінен кетер деп үміттендік, бірақ "төмпешік" өсе бастады", - дейді анасы Әсел.
Қыздың ата-анасы ісіктің себебін түсіну үшін неше түрлі анализ тапсырған. Уақыт өте ісік теннис добының көлеміне жетті.
"Ана мен бала ұлттық орталығында да бізге ісік туралы нақты түсінік бере алмады, бізді операцияға апарудан қорықты", - дейді қыздың анасы.
Оқи отырыңыз: Тараздық дәрігерлер ота жасау барысында күтпеген жағдайға тап болды
№2 көпсалалы қалалық балалар ауруханасының мамандарымен байланысқаннан кейін, ісікті тез арада алып тастау туралы шешім қабылданды. Алайда отбасына операцияның қиын және қаупі жоғары екендігі туралы бірден ескертілді, деп хабарлады Нұр-Сұлтан әкімдігінің ресми сайты.
"Балада тамырлы туа біткен ісік бар (оксипитальды аймақтың кавернозды гемангиомасы). Операцияға дайындықтан кейін балаға ота жасалды. Гемангиома алынып тасталды. Ісіктің едәуір мөлшерін ескере отырып, операциядан қан кету қаупі болды. Біз оны асқынусыз алып тастадық. Барлығы ойдағыдай өтті!" - дейді хирург, жалпы хирургия бөлімінің меңгерушісі Ирек Мингазов.