Оқиға

Ұшақ бортында ауырып қалған бала Ақтауда қайтыс болды

Әуе кемесінде бүлдіршін денсаулығы сыр бергендіктен Түркияға бағыт алған ұшақ Ақтауға қайта оралған
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 15 желтоқсан – Sputnik. Ақтауда ұшақ бортында денсаулығы күрт нашарлап, ауруханаға түскен алты айлық бүлдіршін қайтыс болды. Бұл ақпаратты Sputnik Қазақстанға Маңғыстау облысының денсаулық сақтау басқармасы растады.

"Қарқынды терапия жүргізілгенімен, кішкентай пациентті аман алып қалу мүмкін болмады", – делінген ведомство хабарламасында.

Бүлдіршін ауруханаға түскен кезде-ақ жансақтау бөліміне жатқызылған. Дәрігерлер оған алдын-ала "ауруханадан тыс ауыр пневмония ағымы" диагнозын қойды.

Ал бүлдіршін COVID-19-ға тексерілгенде, теріс нәтиже көрсеткен.

"Ол үш күн бойы жансақтау бөлімінде жатты және осы уақытқа дейін дене қызуы жоғары болды. Тексеру нәтижесінде оған сепсис, екінші дәрежелі ауыр энцефалит деген диагноз қойылды. Көптеген ағзалық дерттің өршуінен 2 желтоқсанда бала қайтыс болды", – деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының өкілдері.

Түркияға бағыт алған ұшақ Ақтауға қайта оралды

30 қарашада әуе кемесінде бала денсаулығының күрт нашарлауына байланысты Түркияға бағыт алған ұшақ Ақтауға қайта оралды. Бүлдіршіннің ата-анасы "Ақтау–Стамбул" рейсімен ұшқан.

Дәрігерлер тексерісінен кейін "ауруханадан тыс екі жақты өткір пневмонияның ауыр ағымы" диагнозы қойылды. Сондықтан да бала дереу жасанды тыныс алу аппаратына қосылды.

Оқи отырыңыз: Ұшақ Алматыны бір сағат айналып ұшты: Air Astana не болғанын түсіндірді

Ата-анасының айтуынша, ұшақ ішінде баланың бұлшықеті құрысып қалғандықтан, командир әуежайға оралуға шешім қабылдаған.