НҰР-СҰЛТАН, 15 желтоқсан – Sputnik. Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Шығыс Қазақстанда бір топ адам әкімдікті басып алып, Алтай Республикасын құрғысы келгенін айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"130 кәсіпорын тоқтап, 2 миллион адам жұмыссыз қалды. Ал жылдық инфляция 2 000 проценттен асты. Тәуелсіздік алғаннан кейін Қазақстандағы жағдай осындай болды", - деді Назарбаев "Штрихи к портрету" деректі фильмінің екінші бөлімінде.
Оқи отырыңыз: Елбасы Түркістан одағын құруға неге қарсы шыққанын түсіндірді
Елбасы Жоғарғы кеңесте дау-дамай көп болғанын атап өтті. 360 депутат бір шешімге келе алмаған. Сол кезде Қазақстанның өз ішінде бөлініп кеткісі келгендер де табылған.
"Бір этнос көп шоғырланған жерлерде бөлініп шығайық дегендер болды. Орал казактары бой көрсетті, Шығыс Қазақстаннан да табылды. Ондайлар көп еді. Сосын көрші елден келген араңдатушылар жүрді. Бізге жермен бірге өтіңдер деп үгіттеді. Осының бәрін дер кезінде тоқатуға тура келді", - деп атап өтті Назарбаев.
Осы ретте ол Шығыс Қазақстанда болған бір жағдайды еске алды. Онда бір топ адам әкімдікті басып алып, Шығыс Қазақстанды бөлек құрылым ретінде жариялағысы келген.
"Нақты есімде жоқ, Алтай Республикасы ретінде жариялағысы келді-ау деймін. Бірақ осындай жағдай да болған. Біз оны да дер кезінде анықтадық, барлық адамды ұстадық. Соттадық. Ондайға жол беруге болмайды", - деп еске алды Назарбаев.