НҰР-СҰЛТАН, 15 желтоқсан – Sputnik. Астанадағы жұқпалы аурулар мекемесінде 206 науқас коронавирустан емделіп жатыр, деп хабарлады қалалық денсаулық сақтау басқарма басшысының орынбасары Әлия Рүстемова.
Sputnik Қазақстан мультимедиялық баспасөз орталығында өткен брифинг барысында ол 24 науқас ауыр жағдайда реанимацияға жатқызылғанын атап өтті.
"Негізінен бұлар 50 жастан асқан және жағдайы ауыр науқастар. Олардың артериялық гипертензия, жүректің ишемиялық ауруы, онкология, семіздік сияқты ілеспе аурулары бар. Мұндай көрсеткіштер жағдайды одан сайын күрделендіре түседі", – деді Рүстемова.
Ол "ауыр" науқастардың санатында балалар жоқ екенін айтады.
"Негізінде біздің балаларымыз ауыр сырқаттанбайды. Көп жағдайда аурудың белгілері болмайды. Ал бүгінде ауруханалардағы балалардың саны 12", – деді Рүстемова.
Айта кетейік, қазіргі кезде Нұр-Сұлтан қаласы коронавирус ауруы бойынша "қызыл" аймақта. Маманның пікірінше, әзірге қосымша шектеу енгізудің қажеті жоқ көрінеді.
"Қолданыстағы шектеулер жеткілікті. Бірақ біз індет жұқтырғандардың санын ғана емес, ауруханалардағы пациенттердің де санын ескеруіміз қажет. Жалпы жұқпалы ауруларға арналған 560 төсек-орын әзірленген болсақ, оның 206-сында науқас жатыр. Жүктеме 37%-ті құрайды. Бұл қалыпты жұмыс үдерісі", – деді спикер.
Оқи отырыңыз: Балалар бөлімшесі бар Қазақстандағы тұңғыш COVID-аурухана қандай – видео
Оның айтуынша, төсек-орын сыйымдылығы 70%-ке жеткен кезде қалада коронавирусқа байланысты қатаң шектеулер болуы мүмкін.