Елорда тынысы

COVID-19: Нұр-Сұлтанда ПТР тестінің нәтижесін бір сағат ішінде білуге болады

Елордада барлығы 17 ПТР зертханасы жұмыс істейді. Олар күн сайын төрт мыңға жуық коронавирусқа қарсы тест өткізеді
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 15 желтоқсан – Sputnik. Қазақстанның астанасында коронавирусқа шалдыққан науқастарға арналған сегіз аурухана жұмыс істеп тұр. Олардың әрқайсында бір-екі сағат ішінде COVID-19 вирусының бар-жоғын анықтайтын шағын зертхана орнатылған. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Әлия Рүстемова айтты.

COVID-19: Нұр-Сұлтанда ПТР тестінің нәтижесін бір сағат ішінде білуге болады

"Біз тоғыз шағын зертхана сатып алдық, мұндай изотермиялық зертханалар біздің ауруханалардың барлығында бар. Олар бір-екі сағат ішінде тест нәтижесін шығарады", - деді Рүстемова Sputnik Қазақстан мультимедиялық баспасөз орталығында өткен брифингте.  

Оның айтуынша, ауруханаға түскен әрбір науқас COVID-19 инфекциясын жұқтырған болуы мүмкін.   

"Шұғыл жеткізілген кез келген науқас инфекцияны жұқтыруы мүмкін адам ретінде қарастырылады. Сондықтан біз сол жерде ПТР зерттеуін жүргіземіз, пациент қабылдау бөлмесінде отырған кезде зерттеу нәтижесі шығады, содан кейін осыған байланысты келесі тактика анықталады", - деп толықтырды басқарма басшысының орынбасары.

Бүгінде Нұр-Сұлтанда 17 ПТР зертханасы жұмыс істейді. Шілде айында олардың саны сегіз болды. Мұнда тәулігіне 4 мыңға жуық коронавирусқа қарсы зерттеу жүргізіледі.

Қазіргі уақытта елорданың жұқпалы аурулар ауруханаларында коронавирус жұқтырған 206 науқас жатыр. Оның ішінде 24 адамның жағдайы ауыр. Сондай-ақ науқастар арасында 12 бала бар. Олар, Әлия Рүстемованың айтуынша, вирусты ересектерге қарағанда әлдеқайда оңай жеңеді.