Экономика

Жыл соңына дейін қай жолдар ақылы болады

Қазір құрылыс-монтаждау жұмыстары аяқталды, кейбір учаскелер пилоттық режимде іске қосылды. Ақша наурыз-сәуір айларында алына бастайды
Sputnik

АЛМАТЫ, 14 желтоқсан – Sputnik. Қазақстанда автокөлік жолдарының жаңа учаскелері ақылы болады. Жыл соңына дейін осындай жолдардың 5,8 мың шақырымын ашу жоспарланып отыр. Бұл туралы БАҚ-пен кездесу кезінде "ҚазАвтоЖол" ҰК" АҚ басқарма төрағасы Ұлан Әліпов мәлімдеді.

Ұлттық компания басшысы өткен жылы "ҚазАвтоЖол" ақылы жүйені енгізу үшін инвестициялық конкурс өткізгенін айтты. Оны Computer Vision Technologies жеңіп алған.

"Бірлескен консорциум болды. Тайвань компаниясы кеңесші болды және олар 11 мың шақырым жолды ақылы етуді жоспарлап отыр. Жыл соңына дейін 13 учаскені немесе 5,8 мың шақырымды іске қосу жоспарланып отыр", - деді Ұлан Әліпов.

Қазір құрылыс-монтаждау жұмыстары аяқталды, кейбір учаскелер пилоттық режимде іске қосылды.

"Қалған учаскелерді толық жабдықтау жұмыстары жүріп жатыр. 2021 жылдың наурыз-сәуір айында өндірістік пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз. Яғни, ақша алу наурыз-сәуір айында басталады", - деді Ұлан Әліпов.

Оның айтуынша, басты міндет – қауіпсіздікті қамтамасыз ету және жолдарды күтіп ұстау шығындарын өтеу. Әліпов мұның әлемдік тәжірибе екенін атап өтті.

Қай жолдар ақылы болады:

  • Шымкент – Ташкент;
  • Қапшағай – Талдықорған;
  • Павлодар – Нұр-Сұлтан;
  • Павлодар – Омбы – Ресей шекарасы.

Республиканың батысында мына жолдар ақылы болады:

  • Атырау – Ақтау;
  • Бейнеу – Ақжігіт;
  • Ақтөбе – Орал;
  • Орал – Тасқала;
  • Орал – Самара учаскесі.

Бұған дейін "ҚазАвтоЖол" ҰК" АҚ басқарма төрағасы 2021 жылдың басында Қазақстанда республикалық автожолдарда тәртіп бұзушыларды анықтайтын "Сергек" камералары орнатылатынын хабарлаған болатын.