Экономика

Қазақстанда ұзақ жылға созылған дауға нүкте қойылды

Қарашығанақ консорциумы Қазақстан Республикасына 1 миллиард 305 миллион АҚШ доллары көлемінде төлем жасады
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 14 желтоқсан – Sputnik. Қазақстан үкіметі және Қарашығанақ консорциумы ұзақ жылға созылған дауды реттеу шараларын аяқтады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан энергетика министрлігінің ресми сайтына

Дауды реттеу жөніндегі келісімді энергетика министрлігі, қаржы министрлігі және өкілетті орган –  "PSA" ЖШС, сондай-ақ, Қарашығанақ жобасының акционерлері – Эни, Шелл, Шеврон мен Лукойл компаниялары рәсімдеді. 

"Келісім аясында Консорциум Қазақстан Республикасына 1 миллиард 305 миллион АҚШ доллары көлемінде төлем жасады", - делінген ресми хабарламада.

Бұдан бөлек, тараптар өнім бөлудің түпкілікті әдістемесін мақұлдады. Оған сәйкес, Қазақстан 2037 жылға дейін қосымша 600 миллион АҚШ долларын алады. Сосын тараптар Қарашығанақ кен орнындағы өндіру деңгейін одан әрі ұстап тұру мақсатында Қарашығанақ-1 (А) кеңейту инвестициялық жобасын бастауға келісті.

Оқи отырыңыз: Қазақстанның мұнай саласында Қытай компанияларының үлесі қанша – министр жауап берді

Қарашығанақты келешекте кеңейту жобасының (ҚКЖ (1А) инвестициялық көлемі шамамен 1 миллиард АҚШ долларын құрайды және  газды кері айдау компрессорын және онымен байланысты қондырғыларды салуды көздейді. Бұл сұйық көмірсутектер өндіру көлемін жылына 10-11 миллион деңгейінде ұстап тұруға мүмкіндік береді. Тараптар жобаның техникалық-экономикалық параметрлерін ескере отырып, ҚКЖ 1 (В) іске асырудың келесі кезеңін жүзеге асыру мүмкіндігін де қарастырып шықты.

"Осылайша, келісімге қол қою арқылы тараптар ұзақ мерзімді дауға нүкте қойды. Келіспеушіліктің негізгі мәселесі – өнімді және сәйкесінше ақшалай кірісті тараптар арасында әділ бөлу. Республика қатаң түрде қол қойылған келісімшарт талаптарына және қолданылатын заңнамаға сәйкес әрекет еткенін атап өткен жөн. Ұзақ және қиын келіссөздер нәтижесінде тараптар дауды бітімгершілікпен шешуге қол жеткізді", - дейді министрлік мамандары.

Айта кетейік, Қарашығанақ жобасы Қазақстан Республикасының үкіметі, Шелл (29,25%), ЭНИ (29,25%), Шеврон (18%), Лукойл (13,5%) шетелдік компаниялар альянсы және ҚазМұнайГаз (10%) арасында жасалған Өнімді бөлу туралы түпкілікті келісім шеңберінде іске асырылуда.

2015 жылы Қазақстан консорциумның пайданы бөлу және әдістеме бойынша есептеулерімен келіспейтінін білдірді. Осы коммерциялық келіспеушілік нәтижесінде үкімет өнімді бөлу туралы түпкілікті келісімнің талаптарына сәйкес халықаралық төрелікке жүгінді. Төрелік процесі жүріп жатқан кезде үкімет пен консорциум өзара қолайлы шешім табу және келіспеушілікті шешу үшін келіссөздер жүргізіп отырды.