НҰР-СҰЛТАН, 14 желтоқсан – Sputnik. Ұлттық банк базалық мөлшерлемені өзгертпеуге шешім қабылдады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан банктің ресми сайтына сілтеме жасап.
"Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі пайыздық дәлізді +/– 1,0 п.т. дейін тарылта отырып, базалық мөлшерлемені жылдық 9,00% деңгейінде сақтау туралы шешім қабылдады. Тиісінше, өтімділікті ұсыну бойынша тұрақты қол жеткізу операциялары бойынша мөлшерлеме 10,0% және өтімділікті алу бойынша тұрақты қол жеткізу операциялары бойынша мөлшерлеме 8,0% болады", - делінген ресми хабарламада.
Оқи отырыңыз: Ұлттық банк депозиттің жаңа түрін енгізеді
Банктің мәлімдемесіне сәйкес, мұнай нарығындағы фундаментальды тұрақсыздық, елдегі және әлемдегі эпидемиологиялық ахуал, сондай-ақ жаппай вакцинациялау мерзіміне байланысты белгісіздік жағдайы әлі де сақталып отыр. Инфляциялық болжамдар да жоқ емес. Ал тұрақтылықтың арқасында инфляция бойынша тиісті мақсатқа қол жеткізуге болады.
"Осыған байланысты базалық мөлшерлеменің қазіргі деңгейі 2021 жылдың соңына қарай инфляция бойынша 4-6%-дық мақсатқа қол жеткізуге мүмкіндік береді", - дейді банк сарапшылары.
Ресми мәліметке сәйкес, қараша айында жылдық инфляция маусым-қазан аралығында 7,0–7,1% деңгейінде тұрақтанғаннан кейін 7,3%-ға дейін көтерілді. Инфляциялық процестердің серпіні 4-6% нысаналы дәлізінен жоғары болып тұр. Ал азық-түлік емес инфляция 2020 жылғы қарашада жылдық көрсеткіште 5,7%-ға дейін жылдамдады.
"Ұлттық банк инфляция серпініне әсер ететін ішкі және сыртқы факторларға мониторинг жүргізуді жалғастырады. Базалық мөлшерлеме бойынша бұдан кейінгі шешімдер инфляцияның нақты серпінінің оның нысаналы бағдарларына сәйкестігі, инфляциялық болжамдардың төмендеу жылдамдығы, сұраныстың қалпына келуі, сондай-ақ инфляциялық тәуекелдер теңгерімі ескеріле отырып қабылданады", - делінген хабарламада.
Банк базалық мөлшерлеме бойынша кезекті жоспарлы шешімді 2021 жылы 25 қаңтарда Нұр-Сұлтан қаласының уақыты бойынша сағат 15:00-де жариялайды.