АЛМАТЫ, 14 желтоқсан – Sputnik. Тәуелсіздік күні қарсаңында Қазақстан Республикасы президентінің жарлығымен мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан үлесі, белсенді қоғамдық қызметі үшін ел азаматтарының үлкен бір тобы мемлекеттік наградалармен марапатталды. Бұл туралы Ақорда хабарлады.
Олардың қатарында өндіріс, бизнес, білім беру, денсаулық сақтау салаларының көрнекті өкілдері, әскери қызметшілер, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, спортшылар, соғыс және еңбек ардагерлері, мәдениет және ғылым қайраткерлері бар.
"Отан" орденімен "Астана Опера" мемлекеттік опера және балет театрының жетекші солисі Майра Мұхамедқызы марапатталды.
"Қазақстан Республикасының Тұңғыш президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев" орденімен марапатталды:
- Қазақстан Республикасының премьер-министрі Асқар Мамин;
- Алматы облысының әкімі Амандық Баталов;
- "Kazakhmys Holding" ЖШС президенті Владимир Ким;
- "BSB" қаржы-өнеркәсіп корпорациясы" ЖШС президенті Рашит Сарсенов.
І дәрежелі "Барыс" орденімен марапатталды:
- Жәния Әубәкірова авторлық мектебінің директоры Жәния Әубәкірова;
- ақын Шөмішбай Сариев;
- Алматы облысы "Хильниченко и К" коммандиттік серіктестігінің төрағасы Виктор Хильниченко.
ІІ дәрежелі "Барыс" орденімен марапатталды:
- жазушы, "Тіл-қазына" ұлттық ғылыми-практикалық орталығының бас директоры Әлібек Асқар;
- Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті жанындағы орталықтың жетекшісі Әлия Бейсенова;
- Конституциялық кеңес мүшесі Асхат Дауылбаев;
- Қызылорда қаласындағы "Болашақ" университетінің ғылыми басшысы Бақберген Досманбетов;
- парламент сенатының депутаты Мұхтар Құл-Мұхаммед.
ІІІ дәрежелі "Барыс" орденімен Парламент мәжілісінің депутаты Омархан Өксікбаев марапатталды.
Белгілі ғалымдар, мәдениет қайраткерлері, өндірістік сала өкілдерінің еңбектері "Парасат" орденіне лайық деп танылды:
- Ұлттық ғылым академиясының академигі Мұрат Баймаханов;
- "Бүркіт" мемлекеттік авиакомпаниясы" РМК директоры Александр Дзюба;
- "Ақмола-Тіршілік" ЖШС директоры Жабал Ерғалиев;
- Қазақстанның тұңғыш президенті – Елбасының көмекшісі Данияр Ақышев;
- премьер-министрдің орынбасары Әлихан Смайылов;
- сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді;
- ақын Рафаэль Ниязбек және басқалары бар.
І дәрежелі "Достық" орденімен "Мабетекс групп" компаниясының негізін қалаушы Беджет Паколли марапатталды.
ІІ дәрежелі "Достық" орденіне сыртқы істер министрлігінің ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі Зәуреш Аманжолова, дипломатиялық қызмет ардагері Болат Нұрғалиев, Н.Сац атындағы мемлекеттік балалар және жасөспірімдер академиялық орыс театрының әртісі Татьяна Тарская және басқалары лайық деп танылды.
"Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері" құрметті атағы ғылым және мәдениет саласының 21 көрнекті өкілі:
- танымал әншілер Жанар Айжан мен Тоқтар Серіковке;
- ғалым Рима Жансараеваға;
- ақын Исраил Сапарбайға;
- актер Сергей Матвеевке және басқа азаматтарға берілді.
Белгілі ғалымдар, мәдениет қайраткерлері, өндірістік сала өкілдерінің еңбектері "Құрмет" орденімен бағаланды:
- Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі жанындағы Мемлекеттік академиялық филармонияның әншісі Светлана Айтбаева;
- Қазақстан Республикасының Моңғолиядағы төтенше және өкілетті елшісі Жалғас Әділбаев;
- жазушылар Сәрсенби Дәуітов және Айгүл Кемелбаева;
- "Дизайнерлердің еуразиялық одағы" акционерлік қоғамының төрағасы Ермек Асылханов;
- "Қазақпарат" халықаралық ақпараттық агенттігі бас директорының кеңесшісі Қаламқас Әбуова;
- Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Айман Омарова;
- айтыскер ақын Айнұр Тұрсынбаева;
- ғалым Оразәлі Сәбден және басқа да тұлғалар бар.
Өнеркәсіп, көлік, құрылыс, ауыл шаруашылығы, білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қамтамасыз ету және және басқа да салалардың 94 еңбеккері ІІІ дәрежелі "Еңбек Даңқы" орденінің иегерлері атанды.
Әскери және қызметтік борышын үлгілі атқарғаны, заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуде көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы, елдің ұлттық қауіпсіздігі мен қорғаныс қабілетін нығайтуға қосқан үлесі үшін әскери қызметшілер мен құқық қорғау органдары өкілдерінің бір тобы І және ІІ дәрежелі "Даңқ", сондай-ақ, І, ІІ, ІІІ дәрежелі "Айбын" ордендерімен, "Ерлігі үшін" және "Жауынгерлік ерлігі үшін" медальдарымен марапатталды.