НҰР-СҰЛТАН, 14 желтоқсан – Sputnik. Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек Топарда ГРЭС-2-дегі төтенше жағдайдан кейін барлық жылу электр стансасын тексеруді тапсырды. Бұл туралы өңір әкімдігінен хабарлады.
"Энергетикалық қадағалау департаментіне облыстағы барлық жылу электр стансасын қайта тексеруді тапсырамын", - деді Қасымбек онлайн өткен аппарат кеңесінде.
Абай ауданы әкімдігінің ақпаратынша, қазір зардап шеккендердің бірі үйіне жіберілді, екеуі ауруханада ем қабылдауды жалғастыруда.
Жеңіс Қасымбек Абай ауданының әкіміне ГРЭС басшылығымен бірге қаза тапқан және зардап шеккен қызметкерлердің отбасына барлық қажетті көмек көрсетуді тапсырды.
Топардағы апат
Еске сала кетейік, 13 желтоқсанда Абай ауданында "Каzakhmys Еnеrgу" ЖШС Топар ГРЭС-2-де №14 қазандықтың бу құбыры жарылды.
Төтенше жағдай салдарынан 1958 жылғы слесарь қаза болды. Тағы үш адам күйікпен ауруханаға жатқызылды.
Бұл оқиға Абай қаласы мен Топар кентін жылу және электрмен қамтуға әсер еткен жоқ. Станцияда жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Төтенше жағдайдың себептерін жұмыс комиссиясы анықтайды, ол 10 күн ішінде өз қорытындысын беруі керек.