Қоғам

Алматы облысында волонтер қыз жарты миллион теңгеден бас тартты

Алматы облысында сегіз волонтер жарты миллион теңгенің сертификатына ие болды
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 14 желтоқсан – Sputnik. Алматы облысында үздік еріктілер марапатталды. Олардың әрбіреуіне жарты миллион теңгенің сыйақысы табысталды. Алайда біреуі ақшалай сертификатты әріптесіне беруге шешім қабылдады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтың бастамасымен тағайындалған "Asyl gúrek" сыйлығына 8 волонтер ие болды. Биыл олардың қызметі ең белсенді деп танылды. Осыдан бір ай бұрын конкурстық іріктеу жұмыстары басталған еді. Қазылар алқасы, шамамен, 50 үміткердің портфолиосын қарап шықты. Сөйтіп, ең белсенді еріктілерді анықтады. 

Жеңімпаздар 8 аталым бойынша марапатталды. Осы бағыттар волонтерлік қызметтің барлық саласын қамтиды. Үздік волонтерлерге арнайы диплом мен 500 000 теңгенің сертификаты табысталды.

Ал жеңімпаздардың біреуі - "Lider.kz" клубының өкілі Оксана Әмірғалиева өзінің ақшалай сыйлығын Үштөбеден келген ерікті Екатерина Серединаға табыстайтынын мәлімдеді. Середина талай жылдан бері көмекке зәру отбасыларға көмектесіп, хабарсыз кеткен адамдарды іздеуге атсалысып келеді. Сөйтсе, Екатеринаның өзі де көмекке зәру. Оған шетелде емделу үшін ақша қажет.

Бүгінде Алматы облысында волонтерлердің жалпы саны 3 000 адамнан асады. Айта кетейік, биыл Қазақстанда Волонтер жылы болды. Жақында осы бастаманың аяқталуына арналған ресми шарада президент Қасым-Жомарт Тоқаев барлық еріктіге алғыс білдіріп, қайырымдылық мен қамқорлық бір жылмен шектелмеу керектігін жеткізді. Мемлекет басшысы қайырымдылыққа арналған заңның да әзірленетінін мәлімдеді. Соның аясында қайырымдылық пен еріктілер ұйымдарына заңды мәртебе беріледі.

Бұдан бөлек, еріктілікті дамытудың жол картасы мен волонтерлерді даярлауға арналған бағдарлама әзірленеді. Алдағы уақытта волонтерлік қызметті қолдаудың бірыңғай стандарты жасалады.