Мәдениет

Қазақстанда "Абай – Тоғжан" драмасы алғаш рет сахналанды

Әртістер жас Абайдың Тоғжанға деген іңкәр сезімін, Құнанбайдай әкенің өнегесі мен Ұлжандай ананың тәрбиесін, дос пен бауырдың қадірін шебер жеткізе білді
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 14 желтоқсан – Sputnik. Бүгін астанада жаңадан ашылған Музыкалық жас көрермен театры Мұхтар Әуезовтың  "Абай – Тоғжан" музыкалық драмасымен салтанатты түрде тұңғыш маусымын ашты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Биыл қыркүйектің соңында арнайы кастинг ұйымдастырылған болатын. Сол кезде 50-ден астам дарынды әртіс таңдап алынды. Содан 1 қазанда өнер ордасы өз жұмысын бастап кеткен. Театрдың актерлік құрамында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, 71-ші Канн халықаралық кинофестивалінің жеңімпазы Самал Еслямова, "Дарын" Мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаттары Аян Өтепберген, Асылхан Төлепов, Әділхан Макин, Расул Усманов және тағы басқа жас әртістер бар. Театрдың директоры – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, философия докторы Асхат Маемиров.

"Қазақстанның театр кеңістігінде тұңғыш рет сахналанып отырған "Абай – Тоғжан" музыкалық драмасы – жасөспірімдердің жүрек қылын шертіп, ой-армандарын асқақтатып, санасына серпін беріп, жігерін қайрап, ішкі мәдениеті мен рухани жан-дүниесін байытып, елдік сезімі биік ұлағатты ұрпақты тәрбиелеу жолында елеулі үлес қосуды мұрат тұтады", - дейді Маемиров.

Оның айтуынша, қойылымның басым бөлігі музыкадан тұрады. Алдағы уақытта "Абай – Тоғжан" драмасы негізінде мюзикл шығару жоспарланып отыр.

Қойылымда Абайдың бозбала кезі көрсетілген. Жас Абайдың жүрегінде оянған алғашқы махаббат, тұңғыш жыры, ішкі сезім тебіреністері, Тоғжанға деген іңкәр сезімі, Құнанбайдай әкенің өнегесі, Ұлжандай ананың тәрбиесі, қоршаған ортаның тылсым сыры, ғашықтықтың ғаламаты, дос пен бауырдың қадірі – осының бәрін әртістер шебер жеткізе білді.

Оқи отырыңыз: Әділ Ахметов басшылық қызметке тағайындалды 

Абайдың рөлін "Дарын" Мемлекеттік жастар сыйлығының иегері Аян Өтепберген, Аман Ғұмаров мен Дидар Төлеген сомдаса, Тоғжанды Арелана Амангелдиева, Диана Нағметуллаева мен Жансұлу Төлеген ойнап шықты. Құнанбай – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Берік Айтжанов және Алтынбек Сүндет, Ұлжан  – 71-ші Канн кинофестивалінің жеңімпазы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Самал Еслямова мен Ләйла Темірхан.

Қойылымның музыкалық кеңесшісі – Димаш Құдайберген, қоюшы-суретші – Алма Сырбаева, композиторы – Бауыржан Ақтаев, балетмейстері – Шырын Мұстафина, хормейстері – Ғалымжан Берекешев.

Айта кетейік, қойылымның премьерасы 14, 15, 16 желтоқсан күндері өтеді.