Экономика

Телефон арқылы төлем жасағанда ақша қалай ұрланады

Егер QR-код арқылы алаяқтар ақша алып қойғанын білсеңіз, операцияны болдырмау үшін банкке жүгіну керек. Полицияға арыз жазған жөн
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 13 желтоқсан — Sputnik. Биыл көптеген мемлекет тұрғындары тауар мен қызмет үшін төлем жасауға QR-кодты белсенді қолдана бастады. Бұл төлем тәсілі танымал болған сайын алаяқтық жағдайлары да арта түсті.

"Позиция Права" заңгерлік компаниясының басқарушы серіктесі Егор Рединнің айтуынша, QR-код – құрылғыға мәтіндік ақпарат жеткізу тәсілі.

"Алаяқтар ақпарат стендтерінде, парақшаларында QR-код қояды. Сондай-ақ, кейбір ұйымдар көрсеткен кодты өзгертіп, ақшаны өз есепшоттарына ауыстырып алады", - деді заңгер РИА Новостиге.

Ол қылмыскерлер осы екі схеманың біреуін таңдауы мүмкін екенін айтады. Біріншісінде, адамды әдейі жаңылыстырады. Ал екінші жағдайда тұрғындар білмей, телефонға вирустық бағдарламаларды жүктейді.

Сондай-ақ, тауар мен қызмет ұсынған компанияның QR-код реквизиттері орнына алаяқтар өздерінің мәліметін тіркейді. Сондықтан антивирус арқылы тексерілетін QR-код сервистерін қолдану керек. Олар кодтың фишингтік, зиянды парақшалар базасында бар-жоғын анықтайды.

Егер QR-код арқылы алаяқтар ақшаңызды алып қойғанын білсеңіз, операцияны болдырмау үшін банкке жүгіну керек. Полицияға арыз жазған жөн.