Өмірбаяндар

"Туып-өскен үйім – домбыра, ән, күй, жыр": Ахмет Жұбанов жайлы не білеміз

Қазақ музыкасын зерттеуші ғалым, композитор, қазақтың тұңғыш дирижері, Қазақстанның халық әртісі Ахмет Жұбанов жайлы Sputnik Қазақстан дерекқорынан оқыңыз
Sputnik

Музыкаға деген ұмтылыс

Ахмет Қуанұлы Жұбанов 1906 жылы 29 сәуірде Ақтөбе облысы Темір ауданында Ақжар деген жерде дүниеге келген. Ахметтің әкесі Қуан балаларын оқытуды армандайды, осы ниетпен Темір уезіне берілген екі мектептің бірін өз ауылында ашқызады.

1911 жылы Темір уезінде екі орыс мектебі ашылды. Сол жылы оқу бітірген Құсайын есімді мұғалім уезге келеді. Ол Ахмет Жұбановтың үйінде жатады. Құсайын домбыра мен скрипка, мондолин тартады, аздап нотадан да хабары болған. Осы аспаптың қайсысында ойнаса да, Ахмет Жұбанов жанынан табылған. 

Бес жастан асқан Ахмет сол аспаптың бәрінде ойнап кетеді. Дирижер өз естеліктерінде мектептегі ұстазының музыкаға деген ұмтылысын арттырғанын айтады.

"Менің туып-өскен үйім – домбыра, ән, күй, жыр. Көркем әңгімені кәрі-жасына дейін қадірлейтін осындай ауылда өскен мен бес жасымда хат танып, домбыра тартып, өлең айтып, тақпақ жаттайтынмын. Ауылдың қақ ортасында суы мол үлкен құдық болатын, кешке қарай салқын түскен соң ауыл адамдары құдықтың басына жиналушы еді. Ән, күй, жыр тыңдап, ақындар айтысын тамашалайтынмын. Әсіресе, күйге деген ықыласы ерекше-тұғын. Күй тартпайтын кәрі-жас, әйел, еркекті кездестірмейтінбіз", - дейді естелігінде Жұбанов.

Тағы бір есте қалғаны, ауылдастарым қуанышты да, қаңғыны да  өлең, жыр арқылы білдіретін. Сондықтан маған бүкіл дала ән-жыр айтып, күмбірлетіп күй тартып, әсем әсерге бөлейтін. Әнші, күйші, жырау дегендерді ауыл адамдары пір тұтатын, дейді дирижер.

Ахметтің әкесі Қуан 1919 жылы қайтыс болады. Содан кейін үн үш жасар Ахмет оқудан қол үзуге мәжбүр болады. Келесі жылы әкеден қалған аз ғана мал жұтап, үй ішінің бар ауыртпалығы баланың басына түседі.

Ерте есейген Ахмет

1924 дирижер ауыл комсомолына мүше болады. Сол жылы ауылында ашылған "Шамшырақ" оқу үйінің меңгерушісі болып, ауылдың мәдениетіне қызу араласады. Сол жылдары киноға барғанда дыбыссыз фильмді сүйемелдеп тұрған скрипакашымен танысады. Қарт музыкант жас жігітті ілтипатпен қарсы алады. Содан кейін кәсіби білім алу үшін Ленинградқа оқуға түседі.

"1932 жылы оқуды бітіріп, аспирантураға түсті. Бірақ ол кезде біздің үкімет хат жазып, училище ашылып жатқанын айтты. Музыкант керек екенін айтып, шақырды", - дейді Жұбановтың қызы Ажар Ахметқызы.

Ахмет Жұбанов 1933 жылы Алматы музыкалық драма училищесіне ұстаздық қызметке келеді. Осы кезден бастап өмірінің соңғы күндеріне дейін ол қазақтың музыкалық мәдениеті жолында қызмет етті.

Шығармашылық жолы

1934 жылы бір топ домбырашының басын қосып, қазақ ұлт аспаптар оркестрінің негізін қалаған. Сол оркестрдің көркемдік жетекшісі әрі дирижері болған. Жұбанов өзі құрған оркестрге Құрманғазының атын береді.

1936 жылы алғаш Мәскеуде өткен Қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігіне, кейін 1949 жылы өткен екінші онкүндікте де Құрманғазы атындағы халық аспаптар оркестрі үлкен абыройға ие болған.

1936 жылы композитордың "Музыка әліппесі" атты тырнақалды кітапшасы жарық көрген.

1945-1951 жылдары Алматы консерваториясының ректоры, 1954-1961 жылдары осы консерваториядағы өзі ашқан халық аспаптар кафедрасының меңгерушісі болып, қазақ халық музыкасының тарихынан, дирижерлік өнер мен аспаптану пәнінен сабақ берді.

"Ол – тумысынан ерекше туындыгер, ерекше композитор. Оның барлық музыкасы өміршең. Оның композиторлық таланты опералық шығармаларды шығаруда кеңінен ашылды деуге болады", - дейді Ахмет Жұбановтың шөбересі, дирижер Алан Бөрібаев.

1938 жылдан бастап Ахмет Жұбанов композиторлық жұмыспен айналыса бастайды. Жазушы Ғабит Мүсіреповтің "Қозы-Көрпеш – Баян сұлу" драмасына, Мұхтар Әуезовтің "Абай" спектакліне, "Амангелді" кинофильміне музыка жазды. Камералық шығармалардың ішінде "Қазақтың жеті биі", "Тәжіктің он биі" сияқты фортепианоға арналған, "Ария", "Көктем", Жезкиік", "Романс" сияқты қобызға арналған шығармаларының қазақ өнерінде алатын орны ерекше.

Ахмет Жұбанов 1936 жылы "Халық композиторлары. Құрманғазы", 1942 жылы "Қазақтың халық композиторларының өмірі мен творчествосы" атты кітаптарын жазды. 

Ахмет Жұбановтың композиторлық шығармаларының көрнектілері Латиф Хамидимен бірлесіп жазған "Абай" (1944 жылы) және "Төлеген Тоқтаров" (1947 жылы) опералары, қызы Ғазиза Жұбанова аяқтаған "Құрманғазы" (1970 жылы) операсы.

Қазақстан тарихындағы алғашқы дыбысты фильм "Амангелді" фильміне Михаил Гнесин мен Ахмет Жұбанов музыкасын жазды.

1968 жылы "Замана бұлбұлы" атты кітабы үшін Ахмет Жұбанов Қазақ ССР Ғылым академиясының Шоқан Уәлиханов атындағы сыйлығына ие болды.

Жұбановтар әулеті

Жұбановтар әулеті дарын қонған отбасы. Сөзімізге Ахмет өнер саласындағы бірінші академик болғаны, бауыры Құдайбергеннің қазақ тіл білімі саласын зерттеген профессор екені дәлел бола алады. Ахметтің қызы Ғазиза Жұбанова қазақ әйелдерінің ішінен шыққан бірінші кәсіби композитор, жиені Алан Бөрібаев дарынды дирижер.

Құдайберген Жұбанов – қазақ тілінің теориялық негізін қалаушы, қазақ тіл білімінің тұңғыш профессоры, педагог, түркітанушы. Ал оның ұлы Асқар Жұбанов өмірін математикалық лингвистикаға арнаған ғалым.

Ахмет Жұбанов 1968 жылы Алматыда 62 жасында дүниеден өтті.