НҰР-СҰЛТАН, 13 желтоқсан – Sputnik. Жуырда үкімет мемлекеттік туды үйлердің қасбеті мен балконға ілуге рұқсат етті. Десе де қазақстандықтар үшін міндетті талаптар мен шектеулер бар. Оны сақтамағандар әкімшілік жауапқа тартылады.
Мемлекеттік туды пайдалану аясын кеңейтуді қазақстандықтардың өздері ұсынған болатын. Бұл идеяны президент Қасым-Жомарт Тоқаев та қолдай кетті. Ол қолданыстағы заңнамада туды пайдалануға қатысты шектеулер барын айтып, мемлекеттік рәміздерді пайдалану қағидаларын қайта қарауды тапсырды. Көп ұзамай премьер-министр Асқар Мамин тиісті қаулыға қол қойды.
"Жеке және заңды тұлғалар Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туын ғимараттарда (тұрғын үй және тұрғын үй емес орын-жайларда), соның ішінде балкондар мен салтанатты шаралар өтетін орындарда патриоттық сезімін, қазақстандық бірегейлікті білдіру, ел мен оның азаматтарының жетістіктерін қолдау мақсатында пайдалана алады", - делінген құжатта.
Тағы оқыңыз: "Борат" төңірегіндегі дау: ҚМДБ туды қорлағандарға қатысты мәлімдеме жасады
Қазақстандықтар өз пәтерінің балконына ұлттық стандартқа сай тігілген (оның көлеміне қарамастан) туды ғана іле алады. Ұлттық стандартқа сай келмеу дегеніміз – тудағы нысанды, мөлшерді және техникалық талаптарды бұзу. Мемлекеттік ту ұлттық стандартқа сәйкес келмеген жағдайда, ол ауыстырылады немесе жойылады.
Ел азаматтарына және заңды тұлғаларға байрақты қорлауға және мазақ етуге тыйым салынады.
Бұдан бөлек, туды бір қабатты және көп қабатты ғимараттарда экстерьерлі нұсқада орналастыру кезінде ғимараттың сәулет ерекшеліктеріне қарамастан пайдалануға рұқсат берілді.
Сондай-ақ, қазақстандықтарға ғимаратқа ілінген туға қараңғыда жарық түсіріп тұру міндетті емес. Бұл талап заңды тұлғалар мен мемлекеттік органдарға ғана қатысты.
Туды қандай жағдайда пайдалануға болмайды
Мемлекеттік туды үйде адамға немесе затқа құрмет ретінде төмен түсіруге, теріс қаратып қоюға жол берілмейді.
Ту жерге, еденге, суға тиіп тұрмауы тиіс. Рәмізді кірлетуге, былғауға және жыртуға тыйым салынады.
Сонымен қатар, мемлекеттік туды майлық және басқа да бірреттік қолданыстағы заттарға, киім-кешекке, төсек-орынға бейнелеуге болмайды. Оған жазу жазуға және сурет салуға тыйым салынады.
Бұдан бөлек, тудың сабы көлденеңінен көтерілмейді.
Үйде ілінетін ту және оның бейнесі шаруашылық-тұрмыстық бөлмелерден, кіреберістен және киім ілетін бөлмелерден алыс орналасуы тиіс.
Айыппұл және оның мөлшері
Қазақстанның мемлекеттік туын кез келген адам тіге алмайды. Байрақты рұқсаты, яғни лицензиясы бар кәсіпорындар ғана дайындай алады. Сол себепті туды осы компаниялармен келісімшартқа отырған дүкендерден сатып алған жөн. Әйтпесе мемлекеттік туды заңсыз дайындағаны үшін айыппұл салынуы мүмкін.
"Әкімшілік құқық бұзушылық туралы" кодексте ұлттық стандарт талаптарына сәйкес келмейтін мемлекеттік туды заңсыз дайындағаны үшін әкімшілік айыппұл қарастырылған. Жеке тұлғаларға – 25 АЕК (69 450 теңге), лауазымды адамдарға, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – 50 АЕК (138 900 теңге), орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 75 АЕК (208 350 теңге), ірі кәсіпкерлік субъектілеріне – 200 АЕК (555 600 теңге)", - деп нақтылады мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметінен.
Мемлекеттік рәміздерді шығаруға лицензиясы бар кәсіпорындар тізімімен мына сілтеме арқылы танысуға болады.
Мемлекеттік ту туралы не білеміз
Ту – мемлекеттің егемендік пен біртұтастықты білдіретін басты рәміздерінің бірі. "Флаг" термині "vlag" деген нидерланд сөзінен шыққан және белгіленген көлем мен түстегі, әдетте елтаңба немесе эмблема түрінде бейнеленген, діңгекке немесе бауға бекітілген мата ұғымын білдіреді.
Қазақстанның Мемлекеттік туы ресми түрде 1992 жылы қабылданды. Оның авторы – белгілі суретші Шәкен Ниязбеков.
Қазақстанның байрағында көк түс ашық аспанды, бейбітшілікті, игілікті білдірсе, түстің біркелкілігі еліміздің тұтастығын меңзейді.
Геральдика қағидаттарына сәйкес, күн байлық пен молшылықты, өмірді және күш-қуатты бейнелейді. Сондықтан еліміздің туындағы күн шапағы дәулеттілік пен бақуаттылықтың символы – алтын масақ пішінінде берілген.
Ал күн астында қалықтаған бүркіт мемлекеттің қуат-күшін, оның егемендігі мен тәуелсіздігін, биік мақсаттар мен жарқын болашаққа деген ұмтылысын танытады.
Тудың сабын жағалай салынған ұлттық ою-өрнектер қазақ халқының мәдениеті мен дәстүрін символдық тұрғыда бейнелейді.