Өңірлер

"Бәрі жала": желіде тараған аудиодағы дауыстың кімдікі екені белгілі болды

Алматыда бөлім басшысы қарамағындағылардан ақша жинап, балағат сөз айтқан. Онымен қоймай, қарамағындағыларға жұдырық алып жүгіретін көрінеді  
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 12 желтоқсан – Sputnik. Қарамағындағыларды балағаттап, ақша бопсалайтын тағы бір шенеунік пайда болды. Әлеуметтік желіде Алматы әкімдігіндегі экология бөлімінің басшысы Қайрат Тоқтасыновтың дауысына ұқсас аудио хабарлама жарияланды.

Қаладағы экологтар басшының дауысын танығандарын айтады.

"Нұрсұлтан деген жігіттің әжесі қайтыс болып бір күн жұмысқа келмегені үшін осындай айқай-шу шығарған... Осы 1 желтоқсанға қарсы бізге 60-70 мыңнан сыйақы берді. Сол кезде қоластында істейтін жігітке "бар да, аналардан 10 мыңнан жинап алып кел" депті. Осы кісі жұмысқа келгелі бері ақша жинаумен келе жатыр", - дейді Әуезов ауданының бас экологы Ғалия Төлегенова.

Оқи отырыңыз: Қазақстанда тоғыз бірдей әкім отставкаға кетуге өтініш берді 

Қызметкерлердің айтуынша, Қайрат Тоқтасынов балағаттап қана қоймай, қарамағындағыларға жұдырық алып жүгіретін көрінеді. Бөлім бастығы аудиодағы дауыс өзінікі екенін мойындады, деп хабарлады "Астана" арнасы.

"Иә, ол менің дауысым. Бәрі жала, оларды мен әлі сотқа беремін. Бір ғана мәселе бар, осы менің орныма таласқалы төрт жыл болды. Мен тазамын. Қазір біреуді ұратын заман ба?", - дейді Алматы қаласы қоршаған ортаны қорғау және экология бөлімінің басшысы Қайрат Тоқтасынов.

Қалай болғанымен басшыға шағымданып 15 эколог арыз жазған. Бұл дауға қатысты әкімдікте қызметтік тексеріс жүріп жатыр.

Қызметтік тергеу аясында Қайрат Тоқтасыновтан түсініктеме алынған. Қазіргі уақытта аталған оқиғаның мән-жайын анықтау мақсатында экология және қоршаған ортаны қорғау бөлімінің қызметкерлерінен жазбаша түсініктемелер толық құрамда жиналып жатыр.

Тергеу барысы туралы шенеуніктер ашып айтпады. Ал нәтижесі келесі аптада жариялануы тиіс.