Өңірлер

Петропавлда мас адам полицейді ұрып, қашып кетпек болды – видео   

Тәртіп бұзушы 55 мың теңгеден астам айыппұл төлеуі немесе бес тәулікке дейін әкімшілік қамауға алынуы мүмкін
Sputnik

ПЕТРОПАВЛ, 12 желтоқсан – Sputnik. Петропавлда қала тұрғыны полицейге жұдырық жұмсап, содан кейін қашып кетпек болды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"Патрульдік полиция қызметкерлері ішімдікке сылқия тойып алып қоғамдық орында жүрген 1991 жылы туған азаматты тоқтатқан. Ұстау кезінде ер адам қарсылық көрсетіп, қашып кетуге тырысқан. Тәртіп бұзушы ұсталды", - деп хабарлады Петропавл полиция басқармасы.

Полиция қызметкерінің заңды талабына бағынбау фактісі бойынша Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 667-бабы негізінде әкімшілік материал жиналды. Процессуалдық шешім қабылдау үшін материал сотқа жіберіледі.

Тәртіп бұзушыға 20 айлық есептік көрсеткіш (55 560 теңге) мөлшерінде айыппұл салынуы немесе бес тәулікке дейін әкімшілік қамауға алынуы мүмкін.