АЛМАТЫ, 11 желтоқсан — Sputnik. Атырауда перинаталды орталықтың тоңазытқышында шетінеп кеткен нәрестеге қатысты сот жалғасып жатыр. Үкім 21 желтоқсанда жарияланады. Барлық бес айыпталушы соңғы сөзін айтты, деп хабарлайды жергілікті "Ақ Жайық" басылымы.
Басты айыпталушы - перзентхананың бұрынғы жетекшісі Қуаныш Нысанбаев істі қарау кезінде қатты сөйлегені үшін судья, қорғаушылар және жәбірленуші тараптан кешірім сұрады.
"Жүктілікті тоқтату, перинаталдық орталықта босану бойынша сізге дәрігерлік-консультациялық комиссия анықтамасын берген дәрігер кешірім сұрасын. Шешім қабылдаған сол кісі. Біз сіздің балаңызды өлтірген жоқпыз. Сотта сізге өрескел сауалдар қойдық, мен сол үшін кешірім сұраймын", - деді Нысанбаев жәбірленушіге.
Адвокат Аслан Жолболов айыптаушы тарап экс-дәрігердің кінәсін дәлелдемегенін мәлімдеді. Оның сөзінше, кейбір эпизодтар бойынша мүлдем айғақ болмаған.
Басылым айыпталушылар өз кінәсін мойындамағанын хабарлады. Олардың әрқайсысы әділ шешім шығаруды сұрап отыр.
Мәселен, неонатолог дәрігерлер Руслан Нұрмұхамбетов пен Дариға Жұмабаева, акушер Жамил Құлбатырова тексеру барысында тоңазытқышқа салынған кезде нәресте тірі болмағаныны анықталғанын айтты.
Үкім 21 желтоқсан күні шығады. Бұған дейін прокурор бұрынғы бас дәрігерді 20 жылға соттауды сұраған болатын.
Тоңазытқыштағы нәресте
Трагедия 2019 жылдың қыркүйек айында болған еді. 4 қазанда сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Атырау облыстық перинаталдық орталығының жетекшісіне жаңа туған нәрестенің өліміне қатысы бар деген айып тағылғанын хабарлады.
Перзентханада сәби тірі туған. Алайда дәрігерлердің салғырттығынан құжатта өлі деп жазылады. Олар қатені түзетпеу үшін шақалақты тоңазытқыш камерасында қалдырып кеткен.
Бұл жағдай орталық жетекшісіне қатысты басқа істі тексеру кезінде анықталған. Бұған дейін медициналық мекеменің басшысы жемқорлыққа байланысты ұсталғаны хабарланған еді.
Атырау облысында шыққан шудан кейін денсаулық сақтау басқармасының басшысы қызметінен кетіп, әкімнің орынбасарына қатаң сөгіс берілді.
Перзентханадағы сұмдықтан кейін психологиялық қысымға шыдамаған дәрігерлер жұмыстан шығу туралы жаппай арыз жаза бастады.