Оқиға

Басына оқ тиді: Шымкент тұрғыны жұмбақ жағдайда жарақат алды

Дәрігерлер зардап шеккен ер адамға шұғыл ота жасады. Басындағы оқ алынды. Пациент қазіргі уақытта комада жатыр
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 11 желтоқсан — Sputnik. Шымкентте күзетшінің басына жұмбақ жағдайда оқ тиді. Полицейлер оқиғаға қатысты тергеу бастады.

Төтенше оқиға түнгі кезекшелік кезінде болған, деп хабарлайды "Астана" телеарнасы. Күзет агенттігі мобильді тобының екі қызметкері қызметтік көлікте отырған. 

Зардап шеккен күзетшінің жанында болған қызметкер ол кезде ұйықтап жатқанын айтты. Тапаншаның дыбысынан оянып кетіп, жарақаттанған әріптесін көрген.

Ер адам бірден жедел жәрдем шақырды. Зардап шеккен адам ауыр жағдайда ауруханаға жеткізілді. Дәрігерлер басындағы оқты алды.

Оқ әдейі атылды ма әлде оқыс оқиға болды ма, мұны полицейлер анықтайды. "Өз-өзіне қол жұмсауға итермелеу" бабы бойынша тергеу жүргізіліп жатыр.

Күзет агенттігінің өкілдері зардап шеккен қызметкер мен отбасына көмек көрсетуге дайын екенін жеткізді.

31 жастағы ер адам агенттікте үш жылдан астам уақыт қызмет еткен.