НҰР-СҰЛТАН, 11 желтоқсан – Sputnik. Қазақстанның бұрынғы ауыл шаруашылығы вице-министрі Руслан Әзімов 69 жасында өмірден өтті. Ол республиканың еңбек сіңірген қайраткері Сергей Әзімовтің үлкен ағасы болған. Суыт хабарды Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы жеткізді.
"Руслан Жұмабайұлы белгілі тілші әрі жазушы Жамбыл Әзімовтің отбасында дүниеге келген. Ол Алматы ауыл шаруашылығы институтының түлегі, Вильямс атындағы Мәскеу Ғылыми-зерттеу институтының аспиранты, ғылым кандидаты", - делінген хабарламада.
Руслан Әзімов Қазақстандағы алғашқы "Агро" мемлекеттік-кооперативтік бірлестігін құрды, өзі құрған Халықаралық қазақстандық агроөнеркәсіптік биржаның президенті болды, Мемлекеттік сатып алу агенттігін және "Азық-түлік келісім шарт корпорациясы" ҰК АҚ басқарды.
1997 жылдың соңында Руслан Әзімов ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі болып тағайындалды. Ауыл шаруашылығы министрінің міндетін атқарушы, Ақмола облысы әкімінің орынбасары қызметтерін атқарған.