Қоғам

Қазақстанда қос азаматтығы бар мемлекеттік қызметкерлер анықталды

Президенттің тапсырмасы бойынша Еңбек кодексіне және мемлекеттік қызмет туралы заңға түзетулер енгізу қарастырылған
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 10 желтоқсан – Sputnik. Қос азаматтығы бар мемлекеттік қызметшілер мен квазимемлекеттік сала басшылары жұмыстан босатылады. Бүгін сенат депутаттары тиісті заңды бірінші оқылымда қабылдады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі. 

Мемлекеттік қызмет істер жөніндегі агенттіктің төрайымы Анар Жайылғанованың айтуынша, президенттің тапсырмасы бойынша Еңбек кодексіне және мемлекеттік қызмет туралы заңға түзетулер енгізу қарастырылған. Олар:

  • квазимемлекеттік секторда сыбайлас жемқорлық үшін сотталған адамдардың жұмыс істеуіне өмірбойы тыйым салуды бекіту;
  • мемлекеттік қызметшілердің және квазимемлекеттік мекемелердің басшыларында қос азаматтық анықталған жағдайда оларды жұмыстан босату.

"Аталған ұсыныстарды заңды түрде бекіту сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетуді және квазимемлекеттік сектор жұмыскерлерінің қажетті моральдық сипатын құруды қамтамасыз етеді", - деді Жайылғанова сенаттың жалпы отырысында. 

Ал ішкі істер министрінің орынбасары Алексей Калайчиди қос азаматтықпен ұсталған мемлекеттік қызметшілері туралы айтты. 

"Биыл он бір айдың ішінде қос азаматтыққа қатысты 431 факт тіркелді. Соның ішінде Шығыс Қазақстан мен Павлодар облыстарында екі мемлекеттік қызметшінің қос азаматтықпен жүргені анықталды. ", - деп атап көрсетті Калайчиди. 

Оның сөзіне қарағанда, Павлодар облысында қос азаматтықпен ұсталған мемлекеттік қызметші ішкі істер органдарының маманы болып шықты.