НҰР-СҰЛТАН, 10 желтоқсан – Sputnik. Қазақстанда әскери қызметтен босату және әскерге шақыруды кейінге қалдыруға онлайн режимде өтініш беруге болады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан "Ұлттық ақпараттық технологиялар" АҚ-ға сілтеме жасап.
Ресми мәліметке сәйкес, elicense.kz электронды лицензиялау порталында әскери қызметтен босату және әскерге шақыруды кейінге қалдыру қызметтері іске қосылды. Енді әскерге шақырылушыларға әскери комиссариатқа барудың қажеті жоқ. Олар қажетті қызметті онлайн режимде ала алады.
Оқи отырыңыз: Қазақстанда адамның қайтыс болғаны туралы анықтама онлайн беріле бастады
"Қызметтерді алу үшін elicense.kz порталында авторизациядан өтіп, "Қауіпсіздік" деген қосымша бетінде көрсетілген тізімнен қажетті қызметті және мемлекеттік органды таңдау қажет. Мәліметтерді енгізгеннен кейін әскери қызметті шегеру немесе босату себебін, сондай-ақ әскери есепте тұрған орнын көрсетіп, құжаттардың электронды көшірмелерін жүктеу керек. Сосын ЭЦҚ арқылы өтінішке қол қойылады", - дейді компания мамандары.
Шақыру комиссиясы өтінішті қарайды да, әскери қызметке шақырудан босату немесе әскерге шақыруды кейінге қалдыруға шешім шығарады, я болмаса, себебін көрсетіп, мемлекеттік қызмет көрсетуден бас тартады.