Экономика

Тоқаев зейнетақы жинағын алу кезінде салық төлеуді кейінге қалдыру туралы заңға қол қойды

Түзетулер зейнетақы жарнасын мерзімінен бұрын пайдалану кезінде жеке табыс салығын бөліп төлеу құқығын беруді көздейді
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 10 желтоқсан – Sputnik. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев зейнетақы жинағын алу кезінде жеке табыс салығын (ЖТС) төлеуді кейінге қалдыруға мүмкіндік беретін заңға қол қойды.   

"Мемлекет басшысы "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" кодекске (Салық кодексі) және "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" кодексін (Салық кодексі) қолданысқа енгізу туралы" заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңға қол қойды", - деп хабарлады Ақорда.

Бұған дейін заң парламентте қабылданды.

Оған сәйкес, 2021 жылдан бастап зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын алатын азаматтарға 10% табыс салығын төлеу мерзімін кейінге қалдыру құқығы беріледі. 

Заңға табыс салығын зейнетке шыққан соң, 16 жыл ішінде бөліп төлеуге рұқсат беретін норма енгізілді.

Оқи отырыңыз: Баспана алу үшін зейнетақы жинағын қалай қолдануға болады 

Келесі жылдан бастап зейнетақы жинағын баспана сатып алу, емделу, қаржы компанияларына басқаруға беру үшін пайдалануға болады. 

Ақша адамның жеке шотына аударылмайды және қолма-қол берілмейді.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, зейнетақы жинағының бір бөлігін жұмсау мүмкіндігіне 721 мың азамат ие болады.

Олар: 

  • зейнетақы жинағы бар, қордағы ақшасы "жеткіліктілік шегінен" асатын еңбекке жарамды жастағы азаматтар – 529,7 мың адам;
  • Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында жинағы бар зейнеткерлер – 178,4 мың адам;
  • зейнетақы аннуитетін рәсімдеген және шотында жинағы қалған қазақстандықтар – 13,3 мың адам.

Сонымен қатар әртүрлі жастағы азаматтар зейнетақы жинағынан ақша алуы үшін жасына қарай шотта болуы керек соманың жеткіліктілік шегі бар.

Мысалы, 20 жастағы азаматтың шотында ең кемі 1 миллион 720 мың теңге болуы керек. Ал 30 жастағы азамат үшін жеткіліктілік шегі – 2 миллион 518 мың теңге.