Қоғам

Сайлау учаскесінде фото мен видео түсіруге бола ма – ОСК жауабы

Бақылаушы және БАҚ өкілі саналмайтын сайлаушылар сайлау учаскесінде фото, видео түсіріп, аудио жаза алмайды, деп хабарлады ОСК  
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 10 желтоқсан – Sputnik. Орталық сайлау комиссиясы дауыс беру кезінде фото және видео түсіру, сондай-ақ, аудио жазу мен онлайн-трансляция жүргізу тәртібін түсіндірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.  

ОСК мүшесі Серік Сыдықовтың айутынша, сайлау учаскесінде фото-видео түсіруге қатысты нақты заңмен бекітілген ереже бар. Оған сәйкес, фото мен видеоны тек бақылаушылар ғана түсіре алады.

"Сайлау учаскесінің өз тәртібі бар. Оны сайлау комиссиялары бақылайды. Ал фото мен видео түсіру, сондай-ақ, аудиожазба жасау құзіреті конституциялық заң бойынша тең бақылаушыларға ғана берілген. Сондықтан басқа адамдар фото мен видео түсіре алмайды", - деді Сыдықов бүгінгі онлайн брифингте.

Бақылаушылар түсіріп алған видеосы мен аудиосын заң бұзушылықтарды дәлелдеу үшін ғана қолдана алады.

"Ол фото, видео немесе аудио жазбаларды басқа адамдарға жіберсе, я болмаса, жариялаған жағдайда Азаматтық кодекстің талаптары сақталуы қажет. Бақылаушының негізгі мақсаты – дауыс беретін күні сайлауды бақылау. Ал сайлаудың барысын көрсету мен халыққа жеткізу – бұқаралық ақпарат құралдарының функциясы", - деді Сыдықов.

Мәжіліс сайлауы: үміткерлердің теледебаттары өтетін дата бекітілді

Бұқаралық ақпарат құралдары видео мен фото түсіруден бөлек, онлайн-трансляция да жүргізуге құқылы.

"Бұқаралық ақпарат құралдары сайлау учаскесінде отырып, дауыс беруді бақылай алады. Ол үшін екі құжат қажет. Біреуі – редакцияның тапсырмасы, екіншісі – журналистің куәлігі. Сөз жоқ, олар түсірілім жасай алады. Бірақ дауыс беруге кедергі жасамауы тиіс", - дейді комиссия мүшесі Анастасия Щегорцова.

Оның сөзіне қарағанда, журналистер онлайн-трансляция жасай алса, қатардағы бақылаушыларға ондай рұқсат жоқ. 

"Бақылаушылар онлайн-трансляция жасай алмайды. Бұның барлығы сайлау туралы заңда жазылған. Бұқаралық ақпарат құралдары ғана тікелей трансляция жүргізе алады", - дейді Щегорцова.

Айта кетейік, мәжіліс пен мәслихаттар сайлауы 2021 жылы 10 қаңтарда өтеді. Бірыңғай электронды реестрге сәйкес, 1 желтоқсандағы жағдай бойынша сайлаушылардың жалпы саны 11 919 241 адамды құрап отыр. Бүгін сағат 18:00-де сайлауалды насихат басталды.