Оқиға

Әйелін құтқарып, өзі көз жұмды: Көкшетау тұрғыны өртеніп кетті

Ер адам терезені сындырып, әйелін алып шыққан, содан кейін үйге қайта кіріп, өртті өз күшімен сөндірмек болған
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 10 желтоқсан – Sputnik. Көкшетауда өрт кезінде 63 жастағы жергілікті тұрғын көз жұмды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Қайғылы оқиға бейсенбі күні таңертең Сабатаев көшесіндегі жеке үйде болған.

Әйелін құтқарып, өзі көз жұмды: Көкшетау тұрғыны өртеніп кетті

Ақмола облысы төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, жалын 48 шаршы метр аумаққа шарпыған. Өртті сөндіруге келген құтқарушылар 1957 жылы туған ер адамның мәйітін тапты.  

"Алдымен дәліз өртенген. Үй иелері газдың иісінен оянған. Ер адам терезені сындырып, әйелін алып шыққан. Ол әйелін көршілерінен көмек сұрауға жіберген. Өрт сөндірушілерді шақыру қажеттігін айтқан. Өзі үйге қайта кіріп, өртті сөндіруге тырысқан. Үй иесі құтқарушылар келгенге дейін көз жұмды", - дейді Көкшетау қаласы төтенше жағдайлар басқармасының бастығы Әсет Жақсылықов.

Өрттің себебі анықталып жатыр. Төтенше жағдайлар департаментінің 13 қызметкері мен үш арнайы техника жұмылдырылды.

Құтқарушылар азаматтардан өрт қауіпсіздігі шараларын сақтауды сұрайды.