Мәдениет

"Абай-Тоғжан" музыкалық драмасы: астанада жаңа театр ашылады

"Абай–Тоғжан" музыкалық драмасының премьерасы 14, 15, 16 желтоқсан күндері өтеді. Инсценировка авторы – Мирас Әбіл, режиссері – Асхат Маемиров
Sputnik

АЛМАТЫ, 10 желтоқсан – Sputnik. Нұр-Сұлтан қаласында "Музыкалық жас көрермен" театры ашылады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Жаңа театр алғашқы маусымын Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы аясында Мұхтар Әуезовтің "Абай–Тоғжан" музыкалық драмасымен ашады. 

Театр директоры – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маемиров.

Театрдың ашылуына арналған қойылым 14 желтоқсан сағат 19.00-де басталады.

"Музыкалық жас көрермен театрының жұмысы жас ұрпақтың бойына рухани құндылықтарды дарытып, отандық және әлемдік музыкалық қойылымдарды сахналау арқылы балалар мен жасөспірімдердің мәдени-эстетикалық әлемін, таным-тағылымын, шығармашылық әлеуетін жетілдіруге бағытталған", - деп хабарлады театрдың баспасөз қызметі.

Өнер ордасы 2020 жылдың бірінші қазанынан бастап жұмыс істеп келеді. 28-30 қыркүйек күндері аралығында кастинг ұйымдастырылып, 50-ден астам дарынды әртіс актерлық құрамды толықтырды. Оның ішінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, 71-ші Канн халықаралық кинофестивалінің жеңімпазы Самал Еслямова, "Дарын" мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаттары Аян Өтепберген, Асылхан Төлепов, Әділхан Макин және Расул Усманов бар.

"Абай–Тоғжан" музыкалық драмасының премьерасы 14, 15, 16 желтоқсан күндері өтеді. Инсценировка авторы – Мирас Әбіл, режиссері – Асхат Маемиров, музыкалық кеңесші – Димаш Құдайберген, қоюшы-суретші – Алма Сырбаева, композиторы – Бауыржан Ақтаев, балетмейстері – Шырын Мұстафина, хормейстері – Ғалымжан Берекешев.

"Абай-Тоғжан" музыкалық драмасы: астанада жаңа театр ашылады

Абай мен Тоғжанның рөлін үш күнде үш әртіс сомдайды. Бірінші күні Абайдың рөлін Аян Өтепберген сомдаса, қалған екі күнде Аман Ғұмаров, Дидар Төлеген ойнайды. 

Тоғжанның рөлін Арелана Амангелдиева, Диана Нағметуллаева, Жансұлу Төлеген сомдайтын болады. "Абай-Тоғжан" музыкалық драмасы Абай ғұмырының бозбала кезеңін көрсетеді.