Қоғам

"Бір-бірін кінәлайды": президент судьялар арасындағы мәселені қозғады

Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде реформалар жүргізу барысында барлық заңнамалық өзгерістер мұқият әрі егжей-тегжейлі пысықталуы керек екенін айтты
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 9 желтоқсан - Sputnik. Реформалар жөніндегі жоғары кеңестің отырысында президент сот және құқық қорғау жүйелерін реформалау мәселесіне де назар аударды.

Оның пікірінше, сот және құқық қорғау қызметіне озық IT-технологияны енгізу және цифрландыру жұмыстарын жалғастыру керек. Судьялар корпусы мен құқық қорғау органдарындағы жеке құрамның кәсіби біліктілігін арттыруға баса мән беру қажет.  

"Бізге жүйелі, соның ішінде, кадрлық сипаттағы шаралар қабылдау керек. Жоғарғы соттың судьясы немесе облыстық соттардың төрағасы тағайындалған кезде, ең алдымен, судьялар корпусының өзінде үлкен мәселе туындайды. Олар бір-бірін кәсіби тұрғыда біліксіз деп кінәлайды. Жеке және басқа да байланыстарын пайдаланады дейді. Осыны біржола жою қажет", – деді мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде реформалар жүргізу барысында барлық заңнамалық өзгерістер мұқият әрі егжей-тегжейлі пысықталуы керек екенін айтты.

"Қылмыстық және қылмыстық-процессуалдық заңнаманың жиі өзгеруі құқық қолдану тәжірибесінің тұрақтылығына нұқсан келтіреді. Қателесу қаупін арттырады. Бұл азаматтарымыздың тағдырына әсер етуі мүмкін. Сондықтан бұл бағыттағы қадамымыз дұрыс. Келесі жылы осы саладағы реформалар жақсы қарқын алып, нақты нәтижелер көрсетуі тиіс, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев Жоғары мемлекеттік басқарудың барлық жүйесі Қазақстан халқына адал, шынайы қызмет етуі керек екенін айтты. Мемлекеттік басқарудың барлық жүйесін – мемлекеттік қызметтен жергілікті өзін-өзі басқару деңгейіне дейін іс жүзінде қайта құру қажет.