Өңірлер

Алматыда сауда орталықтарын тәулік бойы жұмысқа көшіру талқыланып жатыр

Бұған дейін Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов мереке алдында астанада сауда орталықтары мен гипермаркеттер тәулік бойы жұмыс режиміне көшірілуі мүмкін деген болатын
Sputnik

АЛМАТЫ, 9 желтоқсан – Sputnik. Алматыда жаңа жыл қарсаңында сауда орталықтары мен гипермаркеттерді тәулік бойы жұмыс істеу режиміне ауыстыру мәселесі талқыланып жатыр. Бұл туралы брифинг барысында қаланың бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин хабарлады.

"Жаңа жыл қарсаңында адамдар дүкенге ағылады. Әйелдер жағы азық-түлік алады, ер адамдар сыйлық алуға барады. Адамдар көп шоғырланады. Егер тәулік бойы жұмыс істейтін болса, асықпайды, 11-де, 12-де алып кетуге болатынын біледі. Мұның пайдалы жағы да бар. Алматыда бұл талқыланып жатыр", - деп түсіндірді ол.

Бұған дейін Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов мереке алдында астанада сауда орталықтары мен гипермаркеттер тәулік бойы жұмыс режиміне көшірілуі мүмкін деген болатын.

"Мереке күндері, әсіресе, Жаңа жылдың алдында сауда орталықтарына баратын адамдардың саны көбейеді. Қазір жұмыс уақыты шектеулі, осы "дәлізді" кеңейту үшін ірі сауда орталықтары мен гипермаркеттерді тәулік бойы жұмыс істеу режиміне ауыстыруды пысықтап жатырмыз", - деді Алтай Көлгінов.

Сондай-ақ, әкім мереке алдында локдаун енгізу туралы жоспар жоқ екенін мәлімдеді.