Қоғам

Nur Otan ұсталған депутатты партия қатарынан шығарып тастады

Ақтөбе тұрғынының үстінен жеке тұлғаға қарсы қылмыстық заңбұзушылық жасағаны үшін қылмыстық іс қозғалды, өзге ақпарат жария етілмей отыр
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 8 желтоқсан – Sputnik. Ақтөбе облысы мәслихатының депутаты Аркадий Ни Nur Otan партиясынан шығарылды. Бұл туралы Sputnik Қазақстанға партияның облыстық филиалының баспасөз қызметі хабарлады.

"Ақтөбе облысы мәслихатының депутаты Аркадий Нидің заңға қарсы әрекет жасады деген күдікпен ұсталуына байланысты Nur Otan облыстық филиалының партиялық бақылау комиссиясы облыстық саяси кеңес бюросына Аркадий Ниді партия билетінен айыру туралы мәселені қарауды ұсынғанын хабарлаймыз", - делінген хабарламада.

Облыстық саяси кеңес бюросының қаулысымен Аркадий Ни Nur Otan партиясы қатарынан шығарылды.

Ақтөбе облыстық полиция департаменті Аркадий Ниге қатысты сотқа дейінгі тергеу туралы сұраққа "жеке тұлғаға қарсы қылмыстық заңбұзушылық жасағаны үшін Ақтөбе тұрғынына қатысты қылмыстық іс тергеліп жатыр" деп жауап берді.

Nur Otan ұсталған депутатты партия қатарынан шығарып тастады

"Қазіргі таңда күдікті Қылмыстық-процессуалдық кодекстің 128-бабы тәртібінде Ақтөбе қаласының уақытша ұстау изоляторына қамалды. ҚПК-ның 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етілмейді", - деді Sputnik Қазақстанға полиция департаментінің баспасөз қызметінен.

Бұған дейін Telegram-каналда Ақтөбеде 16 жасқа толмаған қызбен жыныстық қатынасқа түсті деген күдікпен ірі кәсіпкер ұсталғаны туралы ақпарат пайда болды.

"Қазақстанның 100 жаңа есімі" сайтында Аркадий Ни 1961 жылы 25 наурызда Фрунзе қаласында, қазіргі Бішкекте туды деп көрсетілген. 1966 жылдан бері Қазақстанда тұрады. Облыстық мәслихат депутаты ретінде "ол өз округының материалдық базасын нығайтуға зор үлес қосқаны, өзіне дауыс берген тұрмысы төмен отбасылар мен ардагерлерге үнемі материалдық көмек көрсеткені" айтылған.