АЛМАТЫ, 8 желтоқсан – Sputnik. Кең тараған қоқиқаз туралы видеоның авторы Азамат Сәрсенбаев Facebook парақшасында кезекті туындысын жариялады. Бұл жолы ол аққудың Каспий теңізіне ұшып келгенін түсірді.
Аққулар қонақүйге қарама-қарсы жерде жүр, деп жазды Сәрсенбаев.
"100 метр қашықтықтағы мұндай сұлулықты көрген кезде өзіңді ұстау қиын. Ал жолдың арғы жағы қорық аумағы екені туралы белгі мен ақпарат әлі күнге дейін жоқ", - деп жазды оператор.
Қоқиқазды түсіруге тыйым салынды
2020 жылдың қараша айының ортасында Маңғыстау облысындағы Қаракөл көлінде түсірілген қызыл қоқиқаздың видеосы резонанс тудырды.
Азамат Сәрсенбаевтың ролигі әлеуметтік желі арқылы тарап кетті. Оны тіпті шетелдік БАҚ та жариялады.
Оқи отырыңыз: Ақтау маңындағы көлге қоқиқаз қонды – видео
Сәрсенбаев орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің қызметкерлері өзін жауапқа тартқысы келгенін хабарлады. Оған Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 378-бабы ("өсімдіктер өсетін жерлер мен жануарлардың мекендеу ортасын қорғау қағидаларын бұзу") негіз болған. Кейіннен ол істің түсіндіру жұмыстарымен шектелгенін айтты.
Одан кейін Сәрсенбаевты орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясына түсініктеме жазу үшін шақырған.
Кейіннен Маңғыстауда құстар мен жануарларға кері әсер етуі мүмкін дронмен жасалатын түсірілімге тыйым салынғаны туралы хабарланды.
Облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының мемлекеттік инспекторы Қарагие-Қаракөл мемлекеттік табиғи аумағында дрон пайдалануды заңсыз әрекет деп атады.
Қоқиқаз Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген, олар өте сақ әрі шошып қалатын құс. Ал туристердің әрекеті құстарға айтарлықтай зиян тигізуі мүмкін, деп хабарлады инспекция.