Өңірлер

Коронавирусқа қарсы жаппай вакцинацияға дайындық басталды – Сағынтаев

Қазақстанда 2021 жылдан бастап тұрғындарға ерікті түрде жаппай вакцина егу жоспарланып отырғаны жарияланған болатын
Sputnik

АЛМАТЫ, 7 желтоқсан – Sputnik. Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев қала билігі COVID-19-ға қарсы жаппай вакцинациялау үшін дайындық бастағанын мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Бұл туралы қала әкімі орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте айтты.

"Қазір біз COVID-19-ға қарсы жаппай вакцинациялау үшін жағдай жасауды бастадық. Үкіметтен тиісті тапсырмалар алдық. Қала деңгейінде медициналық кадрларды дайындап жатырмыз, вакцинаны сақтау үшін қажетті қосымша тоңазытқыш жабдықтарын сатып алу мәселесін пысықтаудамыз", - деді Сағынтаев.

Айтуынша, бірінші кезекте – медициналық қызметкерлер, әскери қызметшілер, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, сондай-ақ диспансерлік есепте тұрған азаматтарға екпе салынады.

Айта кетейік, Қазақстанда 2021 жылдан бастап тұрғындарға ерікті түрде жаппай вакцина егу жоспарланып отыр. 

29 қарашада клиникалық сынақтардың 1 және 2 кезеңі аяқталады. 25 желтоқсаннан бастап клиникалық сынақтардың 3-ші кезеңінде аталған вакцина 3 мың еріктіге егіледі. Сынақтар толығымен 2021 жылы наурыздың соңына қарай аяқталады.  

Сонымен қатар осы жылдың соңына дейін 2 миллион көлемдегі отандық вакцинаның алғашқы партиясы шығарылады.