Мәдениет

Жұлдыз Әбдікәрімова желідегі жазбасынан кейін күтпеген жағдай болғанын айтты   

Әлеуметтік желіде дауыс беру туралы жазба жарияланған соң, қазақстандықтар бірден белсенділік танытып, сайтта техникалық ақау пайда болған
Sputnik

АЛМАТЫ, 7 желтоқсан – Sputnik. Жыл сайын өтетін әлемдегі ең сұлу әйел байқауына биыл екі қазақстандық қатысып жатыр. Соның бірі – отандық танымал әнші Қайрат Нұртастың жары Жұлдыз Әбдікәрімова. Қазақстандықтарға актриса әрі тележүргізуші ретінде таныс Жұлдыз Әбдікәрімова Sputnik Қазақстан тілшісіне бұл байқауға қатысуға не себеп болғаны жайлы айтып берді.  

Жұлдыз Әбдікәрімованы "Әлем ханымы" кастингіне байқаудың Қазақстандағы ресми өкілі шақырған. Бұл қызметті қазір отандық журналист Арай Әлімхан атқарып келеді.

"Әлем ханымы – 2020" байқауының кастингіне Арай Әлімхан шақырған еді. Өз суреттерімді жіберіп, байқау қатысушысы атандым. Былтыр байқауға Арайдың өзі қатысып, ел намысын қорғаған болатын. Сол сәттен бастап "Әлем ханымы" байқауының Қазақстандағы ресми өкілі қызметін атқарып келеді", - дейді Әбдікәрімова.

Айтуынша, байқауға алдын ала фото-видео түсірілім жасап қойған. Ал байқаудың онлайн форматта өтуі ешқандай қиындық тудырмаған.

"Иә, байқау онлайн түрде өтіп жатыр. Бұл формат маған да ыңғайлы болды. Себебі балалардың жанында жүріп, байқауға қатыса аламын", - дейді Жұлдыз Әбдікәрімова.

Сұқбат барысында актриса байқауға қатысу туралы ойын отбасы қалай қабылдағанын да айтты.   

"Қандай дүние болсын, алдымен отбасыма ескертемін. Алдынан өтемін", - деп қысқа қайырды ол.

Жұлдыз көш бастап тұр

"Әлем ханымы" байқауы қатысушыларға онлайн дауыс беру арқылы өтіп жатыр. Байқауда әлем елдерінен 86 әйел қатысуда. Қазақстандық Жұлдыз Әбдікәрімова 50 мыңға жуық дауыс жинап, көш бастап тұр.

Жұлдыз Әбдікәрімова желідегі жазбасынан кейін күтпеген жағдай болғанын айтты   

Оның айтуынша, әлеуметтік желіде дауыс беру туралы жазба жариялаған соң, қазақстандықтар белсенділік танытып, дауыс беруге болатын сайтта техникалық ақау пайда болған.

"Иә, алғашқы күннен-ақ мені халық қолдай кетті. Оған қоса көршілес Қырғызстан, Өзбекстан, тіпті өз елінен қатысушы шығып жатса да, Ресейден де дауыс беріп жатыр. Әрине, мұның бәрі мені қуантады, келесі қадамдарыма күш береді. Әлеуметтік желіге дауыс беру туралы жазба жариялаған кезде белсенділік пайда болды, бірден 9-10 мыңнан астам адам кіріп, сайт көтере алмай қалды", - дейді Әбдікәрімова.

Айтуынша, техникалық жағдайға байланысты күн сайын аз-аздан болса да дауыс жинау әлдеқайда тиімді болып отыр.

Екі қазақстандық бақ сынап жатыр

"Әлем ханымы – 2020" байқауына тағы бір астаналық келіншек Аяна Сұлтанбекова қатысып жатыр. Қазақстандық Орталық Азия атынан бақ сынамақ. Жұлдыз Әбдікәрімова бұл жайлы кандидаттар тізімі шыққанда білген.

Оқи отырыңыз: Қайрат Нұртастың әйеліне бәсекелес пайда болды 

"Кандидаттар тізімі шыққанда суретін көрдім. Бірақ жеке таныс емеспіз, әлі таныспадық. Оқырмандарыман оны да қолдап, дауыс беруін сұрағым келеді", - деді актриса.

Сондай-ақ, дауыс беріп, қолдау білдіріп, ізгі тілегін айтып жатқан қазақстандықтарға алғыс білдірді.

Әңгіме соңында актриса байқауда жеңіске жетудің нақты бір формуласы жоқ екенін атап өтті.

"Нақты мынадай әрекет жасасаң, жеңіске әкеледі деп айта алмаймын. Бәрі бір Құдайға ғана аян. Мен тек байқау шарты бойынша дауыс жинап, оқырмандарыма хабарлап жүрмін", - дейді Әбдікәрімова.

Жұлдыз Әбдікәрімова желідегі жазбасынан кейін күтпеген жағдай болғанын айтты   

Айта кетейік, әнші Қайрат Нұртас пен Жұлдыз Әбдікәрімова 2008 жылы шаңырақ көтерген. Жұлдызды жұптың екі қыз, екі ұлы бар. 2017 жылы екеуі бірге "Арман" фильміне түсті.