Әлем

Қара теңізге бет алған НАТО Ресейге қысым жасай ма?

Саясаткерлер АҚШ-та билікке Байденнің келуі НАТО мен Ресей арасындағы шиеленістің бәсеңдеуіне еш әсер етпейді деп есептейді
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 6 желтоқсан – Sputnik. Джо Байденнің Ақ үйге көшуіне орай Сотүстікатлантикалық альянс реформаларды қолға алды. Күні кеше аяқталған саммитте СІМ басшылары ұйымның негізгі принциптерін қайта қарастырып, оның жұмысын қайта құрды. Тек, басты проблема саналатын Ресей мен  Қытай ғана бәз-баяғы қалпында қалды. НАТО-ның "ресейлік қауіпке" қалай төтеп беретіні жайында төмендегі материалдан оқыңыз.

"Лайықты серіктес-2020" оқу-жаттығуы аяқталды: НАТО әскерилері не істеді?
Йенс Столтенберг сыртқы саясат ведомстволарының басшыларымен өтетін видео отырысқа ерекше жауапкершілікпен дайындалды. Бұл жыл басына белгіленген жылсайынғы саммит алдындағы министрлердің соңғы отырысы. Күн тәртібін алдын ала әзірлеп, қордаланып қалған мәселелерді талқылау жиынға қатысушылардың жоспардан тыс іс-әрекеттерінен сақтануды білдіреді. Оның үстіне, мұндай жағдай болды.

Мысалы, өткен жылғы кездесудің қарсаңында Эммануэль Макрон "НАТО-ның миы жұмыс істемейді" деген мәлімдеме жасады. Бұл бірқатар пікірталас туғызып, жоспардың быт-шытын шығарды. Альянс мүшелері француз көшбасшысына және бір-біріне блок ішінде барлық жағдай қалыпты екенін дәлелдеумен болды.

Трансатлантикалық ынтымақтастықтың басты скептигі Дональд Трамп Ресей, Қытай мен Иранды ұстап тұрудағы альянстың маңыздылығы жайлы сөз қозғаудың орнына қорғаныс жарналарын ұлғайтуды талап етіп, мәселені төтесінен қойды. Сыртқы қауіп-қатерлермен негізінен Американың әскери әлеуеті есебінен күресу дұрыс емес деген пікір білдірді.   

Алдағы саммитте АҚШ атынан Джо Байден сөйлейді. Сондықтан, альянстың бас хатшысының қалыпты жағдайға қайта ораламыз деген үміті зор. Яғни, Столтенберг америкалықтар блок мүшелерімен әскери-саяси одақтастықтың маңыздылығын растайды деп күтіп отыр.

Сенімді болу үшін бас хатшы саммит алдында сарапшыларға жүгініп, ұйым ішіндегі проблемаларды пысықтап, оларды шешудің жолдарын ұсынуды және алдағы он жылға арналған міндеттерді белгілеуді талап етті. Зерттеу жұмысын атауы дардай "НАТО-2030" тақырыбындағы баяндама түрінде рәсімдеді.

Сыртқы істер министрліктерінің басшылары сараптамалық есептеулерді зерттеу және оларды түзетумен айналысты. Кездесуге қатысушылардың барлығы, соның ішінде Франция да одаққа "мидың өлуінен" қауіп төнбейтінін, бірақ реформалар да кедергі жасамайтынын мойындады.

"Қорғаныс одағын жаңа халықаралық жағдайға бейімдеу маңызды. Дағдарыс жағдайында НАТО жедел және біртұтас әрекет етуі керек. Тіпті бұл негізгі қағидаларды бұзуға алып келсе де, осылай жасауға мәжбүр", - деп жазылған ұсынылған құжатта.

Баяндама авторлары вето құқығын қайта қарастыруды ұсынып отыр: қазір оны НАТО-ның барлық мүшесі бірдей қолданып жүр. "Егер, бірауыздан дауыс беру шектеулі болса, онда одақ ішіндегі шиеленіс басылады", - деп пайымдайды зерттеушілер.

Барлық министр бұл тұжырыммен келіспегенімен, идея новаторлық деп танылды.

Бірақ, трансатлантикалық қауіпсіздікке қатер төндіріп тұрған сол баяғы Ресей мен Қытай екеніне барлық қатысушы келісе кетті.

"Мәскеу жаңа ядролық арсеналды жаңғыртып, Қиыр Солтүстіктен Сирия мен Ливияға дейін жаңа зымырандар орналастырып жатыр. Ресей Беларусь пен Таулы Қарабақтағы дағдарысты жағдайға да белсене қатысты", - деді Столтенберг.

"Ресейлік қауіпті бейтараптандыру" жұмыстары қазірдің өзінде жүріп жатыр. Столтенберг НАТО-ның Грузия және Украинамен ынтымақтастық тәжірибесін осы сөзге дәлел ретінде келтірді. Сонымен қатар, Ресейді ұстап тұру үшін альянс Қара теңіздегі өз қатысуын кеңейтпек. Олардың айтуынша, бұл Ресейдің Қырымдағы жағдайға араласуына жауап болмақ.

Ресейлік шенеуніктер НАТО-ның әрекеті қауіпсіздіктің бүтіндігі және бөлінбейтіні туралы қағиданы жоққа шығаратынын айтты.

"НАТО-ның басты міндеті – АҚШ президентінің ауысуына дайындалу. Одақ Байденнің қолдауына үміт артып, Трамп кезінде туындаған проблемалар жоғалады деп болжап отыр. Бірақ, Американың жаңа көшбасшысы алдыңғы президенттің бүкіл ұстанымын жоққа шығара қоймас. Ол одақтың барлық мүшесі қорғаныс ісіне ЖІӨ-нің екі проценті көлемінде қаражат беруін талап етуі мүмкін", - дейді Ресейдің Халықаралық істер кеңесінің бас директоры Андрей Кортунов.

Саясаткер билікке Байденнің келуі НАТО мен Ресей арасындағы шиеленістің бәсеңдеуіне еш әсер етпейтінін айтады. Алайда Ресейдің көптеген халықаралық мәселеге қатысуы ұйымның диалог орнатуға ұмтылуына себепкер болуы ықтимал. Кортуновтың пікірінше, Таулы Қарабақтағы жағдайға Ресейдің араласуы және елге ресейлік бітімгерлердің жіберілуі альянс назарынан тыс қалған жоқ. Бұл іс-әрекеттердің барлығы НАТО өз мүддесінің аумағы саналатын Қара теңізге жақын аумақта болып жатыр. Сондықтан, натолықтар Қара теңіз аймағының маңыздылығына баса назар салып отыр.

Қара теңіз аймағында қауіп төндірушілер қатарына тек Ресей емес, Анкара де еніп отыр. Кортуновтың айтуынша, блоктағы мүшелігіне қарамастан, Түркияның кей мәселелердегі ұстанымы НАТО-ның жоспарымен сәйкес келмей тұр.

Грузияның қоғамдық істер университетінің профессоры Торнике Шарашенидзе НАТО-ның Қара теңіз өңіріне назар аударуын Тбилиси де қолдайды деп санайды. Бұл ресейлік әскерилердің Оңтүстік Осетияда болуына байланысты.  

"Грузияның жақын болашақта НАТО-ға мүше боламын деген үміті сөнген. Әйтсе де, ол блокпен ынтымақтастықты кеңейтуге тырысады", - дейді Шарашенидзе.

Ол Таулы Қарабақтағы соғыс Ресейдің Күнгей Кавказдағы позициясын нығайтқанын мойындайды.

"Арменияның одақтасы бар. Ол – Ресей. Әзербайжанда Түркия бар. Бұл елдер арасында әскери альянс қалыптасып үлгерді. Грузияда мұндай одақтас жоқ. Сондықтан, тек НАТО-ға үміт артады", - дейді профессор.

Сарапшының пікірінше, Грузия да, Қара теңіз өңірі де басымдықтағы проблемалар емес. НАТО үшін қазір Байденмен диалогты қалпына келтіру маңыздырақ. Сондықтан, келер жылдың басындағы саммит нағыз сынақ болайын деп тұр.