Дерекқор

Алаш зиялысы Жақып Ақбаев туралы не білеміз

Алаш зиялысы, қажырлы күрескер, қайраткер, "Алашорда" үкіметінің мүшесі, заңгер, құқықтану магистрі Жақып Ақбаев туралы Sputnik Қазақстан дерекқорынан оқыңыз
Sputnik

Өмірбаяны

Жақып Ақбаев 1876 жылы 25 қазанда бұрынғы Семей облысы, Қарқаралы уезі Төңіректас деген жерде дәулетті отбасында туған.

Ақбайдың Ыбырай, Мәжит, Жақып, Бек атты төрт ұлы, Шәмшіқамар есімді бір қызы болған. Ақбай болашағынан зор үміт күткен үшінші ұлы Жақыпты 1886 жылы Қарқаралы қаласындағы қазақ интернатына береді. Мектепті тәмамдағаннан кейін ол Омбы гимназиясына оқуға түседі. Онда 7 жыл, онан кейін Томск гимназиясында бір жыл оқып, 1893 жылы бітіріп шығады.

Томск гимназиясы берген кәмелеттік атестатта "Жақыптың гимзанияда оқыған уақытында жасалған байқаулар негізінде мінез-құлқы жалпы өте жақсы болды, сабаққа қатысуы мен дайындалуы оңды, сондай-ақ жазбаша жұмыстарды орындауы, ұқыптылығы жақсы және білуге құштарлығы мейлінше жеткілікті" деп айтылған.

Тағы оқыңыз: Алаш идеясы тығырыққа тірелді: Байтұрсынұлы кеңес өкіметі жағына не үшін өтті

Осыдан кейін жас Жақып Санкт-Петербург университетінің заң факультетінде білім алады. 1903 жылы жоғары оқу орнын бірінші дәрежелі дипломмен тәмамдайды.

Ақбаев университетте оқып жүргенде ілім-білімнің әр саласын меңгеруге талаптанғаны. Мемлекеттік сынақ комиссиясында "Қазақтардың некелік құқығы" атты тақырыпты қорғауға бекітіп алады. Кейін осы тақырыпты түрмеде отырғанда терең зерттеп, кеңейтіп, 1907 жылы Орыс географиялық қоғамының Семей бөлімшесінің жазбаларында жариялайды.

Жақып өз халқының мүддесін студент болып жүрген кезінде-ақ қорғай бастаған.

Азапқа толы жылдар

1903 жылы күзде қазақ жігіті Омбы сот палатасына қызметке кіреді. Онда палата хатшысы болып еңбек етеді.

1905 жылдың тамызынан Омбы қаласындағы 2-учаскенің бітістіруші судьясы міндетін атқарады.

Сол жылдары Омбыдағы, Петропавлдағы, Семейдегі, Павлодардағы, Баянауыл мен Қарқаралыдағы демонстрацияларға қатысып, отаршылдық жүйеге, патша үкіметіне қарсы күрес жүргізе жүріп, Омбыда шығатын "Степной край" газетінде мақалалар жариялап, патшаның отаршылдық саясатын сынайды. Осыдан кейін "үкіметке тіл тигізгені" үшін қызметінен қуылады.

Патшаның жергілікті әкімшілігі "мемлекеттік қылмыс істеп, опасыздық жасады" деп 1906 жылғы 11 қаңтарда оны тұтқындап, Семей түрмесіне жөнелтеді.

Ақбаевтың 1907 жылдан кейінгі өмірі жер аударулардан, қылмыстық жауап пен қуғын-сүргіннен тұрады. 1908 жылдан Жақып Ақбаевтың өмірінде азап пен қиындыққа толы кезең басталды. Сол жылы 29 қарашада Дала генерал-губернаторлығы кеңсесінің құпия бөлімінде оған арнаулы іс ашылып, ол 1917 жылғы Қазан төңкерісіне дейін жүргізілді деуге болады.

Жетісу облысының Қапал уезіне екі жылға жер аударылады. Алайда Ақбаев қайда жүрсе де патша шенеуніктерінің парақорлығын, халыққа жасаған озбырлығын үнемі әшкерелеп отырады. Қапалда жүргенде де келімсектерден қиянат көрген қазақтардың мүддесін қорғап, сонда айдауда жүрген Төгісовпен бірлесіп, сот процесінде әділ шешім шығаруға ықпал етеді.

Тағы оқыңыз: Түркі әлемінің көсемі Мұстафа Шоқай туралы не білеміз?

1910 жылы Ақбаев патша өкіметіне қарсы күресін тоқтатпағаны үшін Тобылға жер аударылды. Айдауда жүрсе де саяси күресін әсте тоқтатпаған ол бүркеншік атпен "Айқап" журналына мақалаларын жолдап, жариялатып отырған.

1912 жылдың ақпанында Қарқаралыға қайтып оралып, полицияның бақылауына алынады.

1914 жылдың жазында Омбы сот палатасына қызметке қабылдау туралы өтініш жазады. Саяси сенімсіздігі үшін жұмысқа тұра алмай, адвокаттық практикамен айналысуына тура келеді. Алайда ол қудалаудан құтылмайды, тағы да Семей түрмесіне қамалып, 1917 жылдың басында босап шығады.

Алаш зиялысы

Жақып Ақбаев 1917 жылы "Алаш" партиясын, "Алашорда" үкіметін құруға белсене араласты. Сол жылдың 21-28 шілдесінде Орынборда өткен Бүкілқазақтық съезге қатысты. 5-13 желтоқсанда Орынбордағы екінші бүкілқазақ съезінде "Алашорда" үкіметінің мүшелігіне еніп, съезде 26,5 мың адамнан құралған тұрақты әскер құру идеясын көтерді.

Ақбаев Алашорда автономиясының мемлекеттік институттары мен үкіметін құруда, Алашорда автономиясының шекарасын анықтауда басты рөл атқарған. Ол "Алашорда" үкіметіндегі қызметін тоқтатқан соң, 1918 жылы Қарқаралыдағы қазақ комитетін басқарды.

Жақып Ақбаев тәуелсіздікке қан төкпей, бейбіт, заңды жолмен жетуді көздеді, бар күш-жігерін соған жұмсады. Алашорда автономиясы үкіметін құруда белді ұйымдастырушы болды.

Азамат соғысы жылдары Колчак және тағы басқа уақытша өкіметтер оны бірнеше рет абақтыға жауып, ату жазасына да кесіп, артынан ол үкімді бұзып, Ақбаевтың басы шыр айналып, Алашорда үкіметінің мүшесі ретінде елдік, алаш ісіне толыққанды бел шеше араласу мүмкіншілігінен айырылады.

Тағы оқыңыз: Қазақтың жері қалай заңдастырылды: Әлихан Бөкейхан туралы қызықты деректер

Семейде қызметте жүргенде қазақ қайраткері Әуезовпен аралас-құралас болды. Ол Алаш қайраткерлерімен пікірлесе жүріп, қазақтың әдет-ғұрпы, отбасы-неке құқығы туралы зерттеулер жүргізді, түрлі баспасөз беттерінде публицистикалық мақалалар жариялады. 1909 жылы Абай Құнанбаевтың өлеңдерін жинақ етіп басып шығаруға қолғабыс жасады. 1907 жылы "Қазақстандағы семья-неке қатынастары", 1927 жылы "Қазақтың шығу тегі туралы" еңбектерін жазды.

Өмірінің соңғы жылдары

1928 жылы саяси айыптаулардан аулақ болу үшін Ақбаев елден тысқары кетіп, Сырдария округтік адвокаттар алқасының мүшесі болады. Көп ұзамай бұл қызметтен шеттетіліп, сол кездегі Жамбыл облысы, Шу ауданы, Новотроицкое селосына келіп, ғылыми-шығармашылық жұмыспен шұғылданады. Елден жырақта жүрсе де, 1930 жылы күзде алашордашы болғаны үшін тұтқындалып, абақтыға қамалады. Түрмеде бір жарым жыл отырғаннан кейін, 1932 жылы Воронеж облысына бес жылға жер аударылады.

Айдауда ауыр азаптан денсаулығы әбден нашарлаған соң, оған рақымшылық жасалады. Осылайша ол мерзімінен бұрын босатылып, Алматыға емделуге келеді. Алайда ауруы асқынып, 1934 жылы 4 шілдеде қайтыс болды.

Ақбаев Қазақ КСР Жоғарғы сотының 1958 жылғы 28 ақпанындағы шешімімен толық ақталады. Бірақ бұл хабар жақындарына 1990 жылы ғана жеткен.

Ашық дереккөздерге сүйенсек, Алаш зиялысы жары Гүлбахордан екі ұл және төрт қыз сүйді.