НҰР-СҰЛТАН, 4 желтоқсан – Sputnik. Сенат депутаты Дәурен Әділбеков шағын және орта бизнестің дамуына кедергі келтіріп отырған жүйелі проблемаларға тоқталды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Айтуынша, ең бірінші себеп – екінші деңгейлі банктердің ШОБ субъектілерін несиемен қамту көрсеткішінің төмендігі. Ал бұған кредиттердің проценттік мөлшерлемесі жоғары болуы себеп.
"Банктер ШОБ-тың 30 мыңға жуық қарыз алушысына қызмет көрсетеді, бұл шағын және орта кәсіпкерліктің жұмыс істеп тұрған субъектілерінің небәрі 2,5%-і ғана. Банк секторы мемлекеттің қатысуынсыз шағын және орта бизнесті мүлде кредиттемейді десе де болады. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мәліметінше, екінші деңгейлі банктердің мемлекеттің көмегінсіз ШОБ-ты кредиттеу үлесі биыл небәрі 19%-ті құраған", - деді депутат сенаттағы парламенттік тыңдауда.
Банктерге жеңілдікпен несиелеу мемлекеттік бағдарламаларына қатысу тиімді болып отыр. Олар шағын және орта бизнесті өз бетінше несиелеуге құлықсыз, дейді ол.
Екіншіден, айтуынша, отандық кәсіпкерлерге банктер ұсынған шарттармен кредит алу тиімсіз. Себебі оларда кредитті төлеу мерзімін кейінге шегеру тетігі жоқ. Сенатор кез келген бизнес жобаны жүзеге асыру үшін белгілі бір уақыт қажет екенін атап өтті, ал кредитті алғаннан кейін бір айдан соң төлеу қажет.
"Халықаралық тәжірибеге сүйенсек, Қытайды үлгі етуге болады. Онда шағын бизнесті несиелеу төлемді бес жылға кейінге шегеру арқылы жүзеге асырылады. Ал біз әзірге "тұйық шеңберде" жүрміз. Бизнеске кредит қажет. Ол үшін Ұлттық банк базалық ставканы төмендетуі керек. Алайда, Ұлттық банк бұл инфляцияның өсуіне әкеп соғады деп санайды", - деді Әділбеков.
Депутаттың айтуынша, инфляцияның қазіргі деңгейін төмендету үшін Ұлттық банк үкіметке экономиканы әртараптандырып, импортты алмастыруды ұсынады. Бірақ бұл үшін тағы да қолжетімді несие қажет. Сол себепті үкімет пен Ұлттық банк осы шеңберден шығудың сындарлы шараларын әзірлеуі керек.
ШОБ-тың дамуын тежеп отырған тағы бір проблема – проценттік ставкасы субсидияланатын кредитті барлық субъектінің ала алмауы. Бұл қолдау шарасы тек экономиканың зардап шеккен салаларына ғана көрсетіледі.
Депутаттар карантиннен шығынға батқан әр саланы жеке-дара зерделеп, талдау жасап, соның негізінде экономиканың зардап шеккен секторларының тізімін өзектендіру қажет деп санайды.
Қазіргі таңда республикада 1 347 791 ШОБ субъектісі жұмыс істеп тұр.