Қарабақты Армениямен ені 5 километр болатын Лачин дәлізі ғана байланыстырып тұр. Бұл жол ресейлік бітімгершілік күштердің бақылауында болғанымен, өңірдегі жағдай ушыққан жағдайда өте әлсіз әрі қауіпті аймақтың бірі болып қала береді. Келешекте жаңа жол (дәліз) салу және Лачин қаласын Әзербайжанға беру мәселесі күн тәртібінде тұр. Алайда, адамдар мен жүктерді жедел жеткізу бүгін қажеттілік болып тұрғаны тағы бар.
Таулы Қарабақ жағдайында бөлімшелерді, техникалар мен жүктерді жүздеген километрдегі аумаққа жедел жеткізу күрделі әскери операцияға айналады. Жылына екі рет бітімгерлер топтарының жеке құрамының ротациясы орындалады. Аймақтағы жағдайдың ушығуы қосымша қаражат пен ресурсты қажет етуі мүмкін. Сонымен бірге, Степанакерттен тоғыз шақырым жерде ауыр әскери-көлік авиациясын қабылдай алатын Ханкенди әуежайы орналасқан. Мұнда 90-шы жылдардың басындағы соғыс әрекеттеріне байланысты рейстер тоқтатылған. Әуежай инфрақұрылымы 2020 жылдың қыркүйек және қазан айларында Әзербайжан тарапынан жасалған зымырандық шабуылдар салдарынан зардап шеккен.
Нысанның ұшу-қону жолағының ұзындығы 2 200 метрді құрайды. Әуежай аумағындағы жер бедерінің рельефі жолақты 1 000 метрге ұзартуға және жанынан екінші жолақты салуға қолайлы. Степанакерт маңындағы әуежайды қалпына келтіру және жаңарту құны келешекте ұзақ жылдарға арналған ұзақ рейстерден қымбат болмауы мүмкін. Әуежай азаматтық жүктерді тасымалдаудың логистикалық орталығы болып, болашақта Таулы Қарабақтың экономикалық дамуында маңызды рөл атқаратын болады.
Бітімгершілік міндеттерді шешу тұрақты мобильділікті қажет етеді. Ресей – Әзербайжан – Армения үшжақты келісімі негізінде Мәскеу мен Баку қол қойған Қарабақ соғысын тоқтату туралы арнайы хаттама Әзербайжан мен Армения арасындағы көлік коммуникацияларында кедергі болмауын қарастырады. Бұл құжат тек жерде ғана емес, әуедегі бұғаттарды да алып тастайтыны анық. Яғни, Степанакерт әуежайына ұшулар да қамтылады. Ресейден келетін тікелей маршрут логистика мен жабдықтауға қатысты көптеген проблеманы шешіп, 15-ші бітімгершілік бригадасының әскери тобы үшін жаңа операциялық мүмкіндіктер туғызар еді.
Бұған дейін Грузия Әзербайжан мен Арменияның өтініші бойынша Ресейдің Ереванға ұшатын әскери-көліктік авиациясы үшін әуе кеңістігін ашты. Одан әрі қарай Степанакертке автокөліктермен ұзақ жол жүру қажет болды. Қазір аймақтың әуе кеңістігін толықтай ашатын кез келді. Бұл Әзербайжаннан Нахичеван автономиясына қарай жол салу жобасы үшін тиімді болуы мүмкін.
Степанакерт аэродромы жөндеуден өтіп, 2012 жылы ұшақтарды қабылдауға дайын болды. Бірақ, Бакудің қарсылығының салдарынан бұл жоспар жүзеге аспады. Алайда, үшжақты келісім жасалып, Ресейдің бітімгершілік операциясы басталғаннан кейін аймақтағы жағдай түбегейлі өзгерді.
Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев бүгін мынандай мәлімдеме жасады: "Бүгінгі күні Таулы Қарабақта тұратын армяндар мен әзербайжандар елді мекенге қайта оралғаннан кейін тату көршілер ретінде бейбіт өмір сүретін күн әлі-ақ туады. Мұнда логистикалық және көлік мәселелері, энергетикалық қауіпсіздік мәселесі бар. Біз осы мәселелердің барлығын қарастыратын боламыз".
Бұл мәлімдеме үміт сыйлайды. Егер, тауда орналасқан әуежай жақын уақытта іске қосылса, онда бұл аймақтағы бейбітшілік пен тұрақтылыққа оң серпін береді.