Саясат

Путиннің тапсырмасы: Козак Қазақстанға не үшін келді?

Владимир Путиннің тапсырмасымен РФ президенті әкімшілігі басшысының орынбасары Дмитрий Козак Қазақстан мен Өзбекстанға барды. Жоғары лауазымды шенеунік екі елдің басшылығымен кездесті. Оны президенттер Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиеёв те қабылдады
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 4 желтоқсан – Sputnik. Қазақстан мен Өзбекстанда өткен келіссөздердің негізгі тақырыбы – Мәскеудің Нұр-Сұлтан мен Ташкентпен арадағы қарым-қатынасты күшейту. Сондай-ақ, екіжақты және көпжақты форматта сан алуан саммитерге дайындық мәселелері талқыланды. Мәселен, 11 желтоқсанда Жоғары Еуразиялық кеңестің онлайн отырысы өтеді.

Нұр-Сұлтандағы кездесу

Қазақстан астанасында Дмитрий Козакты президент Қасым-Жомарт Тоқаев қабылдаған болатын. Кездесу кезінде Қазақстан мен Ресей арасындағы әріптестіктің өзекті мәселелері талқыланды. Ақорданың мәліметіне сәйкес, тараптар саяси, сауда-экономикалық және гуманитарлық ынтымақтастықты дамыту мәселесіне баса назар аударды. Сондай-ақ, Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысы қарсаңында еуразиялық интеграция жайы сөз болды.   

Путиннің тапсырмасы: Козак Қазақстанға не үшін келді?

Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Федерациясымен күн тәртібінде тұрған барлық мәселе бойынша одақтас байланыстарын дамыту маңызды екенін мәлімдеді. Бұдан бөлек, екі жақ президент әкімшіліктерінің арасында қарым-қатынасты дамытуға келісті. Дмитрий Козак Қазақстан президенті әкімшілігінің басшысы Ерлан Қошанов пен премьер-министр Асқар Маминмен де кездесті.

"Келіссөздер барысында тараптар Ресей-Қазақстан одақтастық қатынастарының қазіргі жағдайы, екіжақты ынтымақтастықты дамыту перспективалары және ҰҚШҰ, ЕАЭО, ТМД, ШЫҰ шеңберіндегі интеграциялық байланыстарды нығайту мәселелері бойынша пікір алмасты", - деп хабарлады Қазақстандағы Ресей елшілігінің баспасөз қызметі.

Ташкенттегі жүздесу

Өзбекстан президентінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сәйкес, "Шавкат Мирзиёев соңғы жылдары жоғары деңгейдегі жемісті диалог Өзбекстан мен Ресейдің арасындағы көпжоспарлы ынтымақтастықты, стратегиялық әріптестік мен одақтастық байланыстарды күшейтуді қамтамасыз еткенін үлкен ризашылықпен атап өткен".

Путиннің тапсырмасы: Козак Қазақстанға не үшін келді?

Дмитрий Козак өз кезегінде Өзбекстан басшысына жылы қарсы алғаны үшін алғыс білдіріп, Ресей президенті Владимир Путиннің ізгі тілегін жеткізді. Кездесуде екеуі жоғары деңгейде өтетін шаралардың күн тәртібін барынша мазмұнды ету жайын талқылады. Атап айтқанда, алдағы уақытта ТМД басшыларының саммиті өтеді. Оны кейінге шегерген болатын. Бұдан бөлек, тараптар халықаралық саясаттың кейбір мәселелерін де талқылады.

Қазақстан мен Ресей арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас

1992 жылы 22 қазанда екі елдің арасында дипломатиялық байланыстар орнатылған болатын. Сол жылы "Достық, ынтымақтастық пен өзара көмек", "Ұжымдық қауіпсіздік туралы келісім" сияқты негізгі құжаттар рәсімделді. Одан кейін "XXI ғасырдағы тату көршілік пен одақтастық туралы келісімшарт", "Еуразиялық экономикалық одақ" сынды базалық шарттарға қол қойылды.

Қазақстан  мен Ресей премьерлері өнеркәсіп саласындағы жобаларды талқылады
2020 жылы қазан айында Қазақстанға Ресейдің қорғаныс министрі Сергей Шойгу іссапармен келіп кетті. Екі елдің министрлері әскери ынтымақтастық туралы жаңа шартты рәсімдеді. Шойгу қазақстандық әріптестерімен арадағы байланыстарға жоғары баға беріп, екі елдің шекарасы толығымен демилитаризацияланғанын жеткізді.

Тығыз қарым-қатынастың тағы бір көрінісі – денсаулық сақтау саласы. Биыл 22 желтоқсаннан бастап Қазақстанда коронавирусқа қарсы "Спутник V" атты ресейлік вакцина өндіріске шығарылады. 

Бұдан бөлек, Ресей Қазақстанның ірі әрі маңызды сауда әріптесті болып саналады. Отандық өнім өндірушілер көрші елдің нарығына ғана емес, ол арқылы Еуропаға да шыға алады. Отын-энергетика саласы да тыс қалмады. Биыл Қазақстан билігі шығыс өңірлерін Ресейден келетін құбыр арқылы газдандыруға мүдделі екенін мәлімдеген.