Өңірлер

Коронавирус тағы өршіді: Теңіз кенішіне бір топ дәрігер жіберілді

Соңғы төрт күнде кеніште жетпістен астам адам вирус жұқтырған. Қазір Атырау облысы "сары" аймақта тұр
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 4 желтоқсан – Sputnik. COVID-19-бен ауырған науқастардың көбеюіне байланысты Теңіз кенішіне қосымша мамандар жіберу туралы шешім қабылданды. Бұл туралы Sputnik Қазақстан Атырау облысының коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Қараша айынан бері Теңіз кенішінде індетке шалдыққан 140 адам тіркелді, оның 71-і соңғы төрт күнде анықталған.

"Теңіз кенішінде 315 төсек-орындық инфекциялық стационарда он бес маман жұмыс істеп жатыр. Қазір мұнда 111 пациент емделуде. Аурухананың жүктемесі 35,2%-ті құрайды", - делінген хабарламада.

Денсаулық сақтау басқармасы Теңізге тағы сегіз маман жіберу туралы шешім қабылдады. Олар: екі дәрігер, екі медбике және төрт санитар.

Қазіргі таңда коронавирустың таралуына байланысты Атырау облысы "сары" аймаққа ауысты.