Оқиға

"Шабуыл жасап, үш қап ақшаны алып кетті": банк желіде тараған видеоны растады

Шабуыл кезінде көлікте инкассатор жүргізушісі ғана болған, ол банк бөлімшесіне кірген әріптестерін күтіп отырған
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 4 желтоқсан – Sputnik. Жаңаөзен қаласында инкассаторларға қарақшылық шабуыл жасалды. "Сбербанк" АҚ еншілес банкі желіде тараған видеоға түсініктеме берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Әлеуметтік желіде тараған видеодан инкассатор көлігіне бірнеше адамның шабуыл жасағанын көруге болады. Одан кейін ақ түсті жеңіл көлікке отырып, қашып кетеді.

"Кейбір ақпарат көздеріне сәйкес, 3 желтоқсанда сағат 18:40-та Жаңаөзен қаласындағы Көктем шағын ауданында орналасқан банк бөлімшесіне инкассация жасалғанда пышақ ұстаған төрт адам инкассаторлық көлікке қарақшылық шабуыл жасады. Қылмыскерлер 62 532 542 теңге, 19 696 доллар мен  495 450 ресей рублі бар үш қап ақша және мультикассетаны алып кетті", - делінген бейресми ақпаратта.

Қарақшылар қашып бара жатқанда инкассатор жүргізушісі ақ түсті Nexia көлігінің артынан оқ атқан.

"Сбербанк" АҚ еншілес банкі инкассторларға шабуыл жасау фактісін растады. Алайда ұрланған ақшаның нақты сомасын жариялаған жоқ. Себебі инкассация – өзге компанияның қызметі.  

"Шынымен де, 2020 жылы 3 желтоқсан күні кешкі уақытта Сбербанк бөлімшесінің жанында өзге компанияға тиесілі және банкке қызмет көрсететін инкассаторлық көлікке қарақшылық шабуыл жасалды. Сол кезде көлікте инкассатор жүргізушісі ғана болды. Ол банк бөлімшесіне кірген әріптестерін күтіп отырған", - делінген ресми мәлімдемеде.

Банк көліктегі ақшаның ұрланғанын, бірақ оның бәрі бөлімшеге келгенге дейін басқа ұйымдардан жиналғанын мәлімдеді.

"Осылайша, Сбербанк клиенттерінің ақшасы толығымен сақталғанын хабарлаймыз. Алдын ала мәліметке сәйкес, шабуыл кезінде ешкім зардап шеккен жоқ. Сбербанк жасалған қылмыстың қысқа уақыттың ішінде ашылатынына, кінәлі адамдардың жазаға тартылатынына және ақшаның иелеріне қайтарылатынына үміттенеді. Банк қылмысты ашуға барынша атсалысады", - дейді банк қызметкерлері.