Қоғам

"Арман жоқ еді-ау": елордада жекпе-жек сарайына Үшкемпіров есімі берілді

Осыдан бірнеше жыл бұрын осы жекпе-жек орталығының іргетасы қаланып жатқанда Жақсылық Үшкемпіров ұлымен бірге құрылыс басталғалы жатқан жердің жанынан өткен. Сол кезде өзінің арманын айтыпты
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 2 желтоқсан – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей бастамасымен астанадағы жекпе-жек сарайы ресми түрде Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіров есімімен аталады, деп хабарлады президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли.

Осыдан бірнеше жыл бұрын осы жекпе-жек орталығының іргетасы қаланып жатқанда Жақсылық Үшкемпіров ұлы Жандоспен бірге құрылыс басталғалы жатқан жердің жанынан өткен. Уәли даңқты балуан енді ғана қазығы қағылып жатқан жерге қарап не дегенін жазды.

"Осы қазаққа, қазақтың спортына, қазақтың күресіне бір кісідей-ақ еңбек сіңірдім деп ойлаймын. Әсіресе, Одақтың даңқы дәуірлеп, біздің ұлт бәйге алмақ түгіл, өзгемен тең тұруының өзі мұң болған шақта Олимпиада жүлдесін жұлып алдым. Мұны бүгінгі қазаққа міндет қылмаймын, әрине. Ол кезде жастықтың буымен білінбеген де екен. Қазір ойлаймын, әлі күнге өзімнің ізімді басатын жігіттердің шықпағанына қарағанда, сол 80-ші жылдағы Олимпиада маған да оңайға соқпаған екен-ау деп. Енді бір арманым бар, шіркін осы жекпе-жек орталығының құрылысы бітіп, менің атымды берсе ғой, арман жоқ еді-ау", - деген екен.

Ұлы Жандос: "Бұл қай уақытта салынып бітеді дейсіз? Оған дейін кім бар, кім жоқ? Қандай шешім қабылданады? Білмейміз ғой..." деп жауап берген.

Берік Уәлидің айтуынша, Олимпиада чемпионы бақилық болып кеткеннен кейін осы әңгімені мемлекет басшысы естіген. Президент бірден қолдап, тиісті орындарға тапсырма берген.

Үкіметтің ресми қаулысы шықты. Жекпе-жек сарайы ресми түрде Жақсылық Үшкемпіров атымен аталатын болды.

Ал Үшкемпіров Жандос Жақсылықұлы қазір осы жекпе-жек сарайының директоры.

ҚоғамЖақсылық Үшкемпіров