Қоғам

Депутат Әлтаев Nur Otan қатарынан шығарылды

Бұған дейін ол Nur Otan партиясы саяси реформаны бастағанын күтетінін айтты. Саяси өзгерістерге дайын екенін көрмесем, онда бұл партиядан шығуға тура келеді, деді Әлтаев
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 2 желтоқсан – Sputnik. Орталық сайлау комиссиясы мәжіліс депутаты Нұржан Әлтаевтың өкілеттілігін тоқтатты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"Мәжіліс депутаты Нұржан Әлтаевтың өкілеттігі оның Nur Otan партиясының қатарынан шығарылғаны туралы Nur Otan партиясы Нұр-Сұлтан қаласы филиалының саяси кеңесі бюросының қаулысына байланысты тоқтатылсын", - делінген ресми хабарламада. 

Ресми мәліметке сәйкес, дүйсенбі, 30 қараша күні партияның Нұр-Сұлтан қаласы филиалының саяси кеңесі бюросы қаулы шығарып, орталық сайлау комиссиясына ресми хат жіберген. Соның негізінде және депутаттардың мәртебесі туралы конституциялық заң аясында тиісті шешім қабылданды. 

Айта кетейік, 27 қарашада Нұржан Әлтаев El Tiregi өнеркәсіпшілер мен кәсіпкерлер одағы негізінде өз партиясын құратынын мәлімдеген болатын. Оның айтуынша, Қазақстанда саяси плюрализм жоқ. Nur Otan партиясы ғана бар. 

Sputnik Қазақстан тілшісіне сұқбат берген Әлтаев бастамашыл топтан жаңадан құрылған саяси партияның басқарушы органына кіруге ұсыныс жасалғанын айтқан.  Бұл ұсынысты қарастырып жатырмын, әлі шешім қабылдаған жоқпын, деді Әлтаев. 

Сонымен бірге, экс-депутат Nur Otan саяси партиясы ішінен саяси реформа жүргізу туралы ұсынысты да еске түсірді. Егер ол орындалмаса, партиядан шығуға дайын екенін жеткізді.

"Себебі монополиялау жақсылыққа әкелмейді. Nur Otan партиясы осы саяси реформаны бастағанын күтемін. Егер бұл реформа жүргізілсе, онда партияда қаламын, оны әрі қарай жақтай беремін, партияға жұмыс істеймін. Егер Nur Otan партиясының осындай саяси өзгерістерге дайын екенін көрмесем, онда бұл партиядан шығуға тура келеді", - деді Әлтаев.