Әлем

Тоқаев ҰҚШҰ сессиясында қандай мәселе көтерді?

Қазақстан президенті мемлекетаралық дау-жанжал көбейіп, аймақтық және жаһандық қауіпсіздік саласындағы жағдай шиеленісіп келе жатқанын атап өтті
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 2 желтоқсан – Sputnik. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымы қауіпсіздік кеңесінің сессиясында сөз сөйледі, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Мемлекет басшысы алдымен Таулы Қарабақта әскери шиеленісті шешу мәселесіне тоқталып, Ресейдің делдалдық қызметіне жоғары баға берді.  

"Біздің бүгінгі кездесуіміз аймақтағы және жалпы әлемдегі қиын процестер кезінде өтіп отыр. Мемлекетаралық дау-жанжал көбейіп, аймақтық және жаһандық қауіпсіздік саласындағы жағдай да шиеленісіп келеді. Осы орайда Ресей президенті Владимир Владимирович Путиннің Таулы Қарабақтағы әскери іс-қимылды тоқтатуды көздейтін делдалдық қызметін ерекше атап өткен жөн", - деді Тоқаев.

Қазақстан президенті Ресейдің қатысуымен рәсімделген келісім ең дұрыс шешім болды деп есептейді.

"Осы құжат аймақтағы ұзақмерзімді бейбітшілікті орнатуға көмектеседі. Бұл шынымен де тарихи келісім", - деп толықтырды Тоқаев онлайн байланыс арқылы өткен сессияда.

Оқи отырыңыз: Қазақстан Таулы Қарабақ қақтығысы жөнінде ресми мәлімдеме жасады 

Президент сондай-ақ COVID-19 пандемиясының әлемдік саясат пен экономикада түбегейлі өзгерістерге себеп болғанын атап өтті. Оған қоса, өзара санкциялар мен шектеулер күшейіп жатыр. Экстремизм, терроризм, есірткі саудасы, киберқауіпсіздік және заңсыз көші-қон мәселелері де бар. Осыған байланысты Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымының рөлі артты. Бірлесіп жұмыс істеуге мүмкіндік туып отыр.

Бұл ретте мемлекет басшысы Қазақстанда ресейлік вакцинаны шығаратын зауыттың құрылысына да тоқталды. Оны жақын арада іске қосу жоспарланып отыр. Сондай-ақ, президент алдағы сайлау туралы айтты.

"Құрметті әріптестер, Қазақстанда кезекті сайлау процесі басталып кетті. 2021 жылдың 10 қаңтарына төменгі палата депутаттары мен жергілікті өкілдік органдарының сайлауы белгіленді. Сайлау конституциялық мерзімге сай өтеді. Саяси күштерге дайындыққа қажетті уақыт берілді", - деп атап  өтті Тоқаев.

Мемлекет басшысы биыл демократиялық реформалардың іске асырылғанын да тілге тиек етті. Атап айтқанда, заңды тұрғыда парламенттік оппозиция институты бекітілді. Ал партиялық тізімдерге әйелдер мен жастар үшін 30 проценттік квота енгізілді.

"Біз әділ әрі ашық сайлау өткізуді көздейміз. Әріптестеріміздің қолдауына сенеміз. Сіздердің мемлекеттеріңізден, сондай-ақ, ТМД-ның парламенттік ассамблеяларынан және ҰҚШҰ-дан келетін бақылаушыларды күтеміз", - деді ол.  

Бұдан бөлек, президент Ресейдің ҰҚШҰ-дағы төрағалығы кезінде атқарылған жұмыстарға жоғары баға берді.

"Ресейдің төрағалығы біздің жұмысымызды барлық бағытта күшейтті. Ұйымның әлеуеті мен беделі нығая түсті. Осы сәтті пайдаланып, Тәжікстан президенті Эмомали Шәріпұлын алдағы ҰҚШҰ төрағалығымен құттықтаймын және сәттілік тілеймін", - деп атап көрсетті Тоқаев.

Айта кетейік, жиын қорытындысы бойынша ҰҚШҰ-ның тиімділігін одан әрі арттыруға бағытталған бірқатар құжат қабылданады. Соның ішінде ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің декларациясы және бірлескен мәлімдеме бар.