Қоғам

"Халық әндетіп келді": оқиға куәгерлері алғашқы президент сайлауы қалай өткенін айтты

1991 жылдың 1 желтоқсанында елде тұңғыш рет жалпыхалықтық президент сайлауы өтті. Мемлекет басшысы лауазымына жалғыз үміткер Нұрсұлтан Назарбаев 98,78% дауыс жинады
Sputnik

АЛМАТЫ, 1 желтоқсан – Sputnik. Бүгін – Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті күні. Осыдан 29 жыл бұрын еліміз тәуелсіздік алар тұста алғашқы бүілхалықтық сайлау өтті. Нәтижесінде Нұрсұлтан Назарбаев мемлекет басшысы болып сайланды.

Sputnik Қазақстан тілшісі 1991 жылы президент сайлауының қалай өткенін біліп көрді.

"Сайлау халық үшін нағыз той болды"

Түркістан облысы Кентау қаласы Абай ауылында 45 жыл бойы мектепте жұмыс істеген Төлеубай Оспанов ол кезде халықтың сайлауға артқан сенімі жоғары болғанын айтты.

"Халық әндетіп келді": оқиға куәгерлері алғашқы президент сайлауы қалай өткенін айтты

"Сайлау болар тұста халықтың Нұрекеңе деген сыйластығы мықты, президентке деген құрметі өте жоғары болды. Сенім артты. Сол кезде мектептің ішінде дауыс беру үшін сайлау учаскесі құрылды. Халық сайлауға әндетіп келді", - дейді ақсақал.

Айтуынша, дауыс берушілердің алғашқы легі сайлау учаскесіне таңғы 5-6 шамасында барған.

"Тәуелсіздікті енді алып жатқан кез болған соң халық та белсенді еді. Елдің құрметі де қазіргімен салыстырғанда ерекше болатын. Сайлауға мектептің мұғалімдері де, ауыл ақсақалдары да атсалысты. Халық тәуелсіздікке өте қатты құрметпен қарады. Ел өзінің болашағына үлкен үміт артты", - дейді Төлеубай Оспанов.

Айтуынша, сол кездегі саяси жағдайлардың барлығын ескере келе, халық  бірауыздан ел тәуелсіздік алар тұста Нұрсұлтан Назарбаевты қолдады.

"Елдегі ең алғашқы сайлау әдеттегідей жасырын дауыс беру түрінде өтті. Ол кезде халықтың көзқарасы, ықыласы, сайлауға сенім артуы басқаша еді. Сайлау нәтижесі жарияланған кезде халықтың қуанышында шек болған жоқ. Сол сайлауды халық нағыз той деп есептеді. Кейіннен экономика әлсірей бастады, бірақ оның алдында елді тәуелсіздікке бастайтын адам келді деген сенім болды", - дейді Оспанов.

Айтуынша, сол жылы шағын ауылдын өзінде жаңа туған бес-алты сәбиге Нұрсұлтан деп ат қойған.

"Ел басқаруға ешкім дайын емес еді"

Ал Елбасының сыныптасы Меліс Нәлібаев ол кезде ел басына келетін ешкімнің болмағанын, сол себепті басқа адамды президент ретінде көре алмағанын айтты.

"Арамызда жақсы оқыған азаматтың сайлауға түсіп жатқанын жақсы қабылдадық. Қуандық. Мінезі де, жолдастарымен қарым-қатынасы да жақсы болатын. Оқыған, білімді азаматтың Қазақстанды дұрыс басқара алатын азамат деп сендік. Көңілімізден шығып, одан басқа азаматты көре алмадық. Ел басқаруға ол кезде дайын ешкім жоқ болды", - дейді ол.

Айтуынша, Елбасы қатысқан президент сайлауының барлығына барып, дауыс берген.

"Халық әндетіп келді": оқиға куәгерлері алғашқы президент сайлауы қалай өткенін айтты

"Алғашқы қадам болды"

Ал жазушы Смағұл Елубай 1991 жылдың бірінші желтоқсанында өткен президенттік сайлауды Қазақстан тарихындағы ең елеулі оқиғалардың бірі деп атады.

"Тәуелсіздігін әлі жарияламай тұрған қазақ елі үлкен үміт күтіп, тарихи оқиғаның алдында тұрған кез болатын. Қазақ халқына сол тәуелсіздікті алу үшін көштің бұйдасын ұстаған көшбасшы керек еді. Содан қазақ халқы көшбасшы деп Нұрсұлтан Назарбаевты таныды. Ол кісінің оған дейінгі министрлер кеңесін басқарған тәжірибесі бар жас екенін мойындаған кез еді", - дейді Смағұл Елубай.

Айтуынша, тәуелсіздіктің баспалдағынан аттайын деп тұрған қазақ халқының ұйымшылдығының арқасында Назарбаев бірауыздан президент болып сайланды.

"Ол кездегі халықтың көңіл-күйі жартылай жалаңаш немесе ашқұрсақ болып жүрсе де, тәуелсіздік үйіне кіру біз үшін үлкен бақыт еді. 16 желтоқсан күні тәуелсіздіктің шаңырағын көтердік. Ал бірінші желтоқсан соған жасалған алғашқы қадам болды", - дейді жазушы.

Айта кетейік, 1991 жылдың 1 желтоқсанында елде тұңғыш рет жалпыхалықтық президент сайлауы өтті. Мемлекет басшысы лауазымына жалғыз үміткер Нұрсұлтан Назарбаев 98,78% дауыс жинады.

Назарбаев 2019 жылдың  19 наурызында  халыққа үндеу жолдап, мерзімінен бұрын президенттік өкілеттігін тоқтататынын мәлімдеді.