Елорда тынысы

"Абу-Даби Плазаның" ең биік мұнарасын "Қазақстан" деп атаймын –  Назарбаев

Елбасының айтуынша, биік ғимарат қазақстандықтар ғана емес, әлем туристері келетін орталыққа айналады
Sputnik

АЛМАТЫ, 1 желтоқсан – Sputnik. Тұңғыш президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Нұр-Сұлтандағы ең биік ғимарат "Абу-Даби Плазаны" Қазақстанның құрметіне атайтынын мәлімдеді.

Елбасы тұңғыш президент күні қарсаңында Qazaqstan телеарнасына сұқбат берді.

Деректі фильм үзіндісінде Нұрсұлтан Назарбаев Орталық Азиядағы ең биік ғимарат мұнарасына жаңа атау келесі жылы берілетінін айтты.

"Ендігі жылы, Құдай бұйырса, Абу-Даби Плаза мұнарасын "Қазақстан" мұнарасы деп атаймын. Біздің кең даламызда алыстан көрініп тұратын мұндай биік ғимарат жоқ. Мынау не? Бұл астана ғой, бұл "Қазақстан" мұнарасы деп айтып жүретіндей болады", - деді Елбасы сұқбатында.

Сонымен қатар Нұрсұлтан Назарбаев елордада өңірдегі ғана емес, дүниедегі ең үлкен мешіт салынып жатқанын айтты.

"Бір жағынан діни мағынасы бар, екінші жағынан туристік мағынасы бар үлкен, әдемі, зәулім ғимарат пайда болады. Алда, Құдай бұйырса, әлі талай ойлар бар", - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

"Абу-Даби Плаза" мұнарасы

"Абу-Даби Плаза" құрылысы 2010 жылы басталды. Бастапқыда оны 2016 жылы пайдалануға беру жоспарланған болатын. Әр түрлі себептерге байланысты бизнес және сауда орталығын ашу үнемі кейінге қалып отырды. Бір бөлігінің ашылуы 2019 жылдың 2 желтоқсанында өтті. Нысан 1,6 миллиард долларға бағаланады. Ол Ақмешіт, Сығанақ және Түркістан көшелері ауданында орналасқан.

2020 жылдың қазанында елорда әкімі Алтай Көлгінов "Әбу-Даби Плаза" кешенінің ауқымды құрылысы 2021 жылы аяқталатынын айтты.